Футбол

Жақында басы дауға қалған қақпашы Игита 14 маусым ойнаған «Қайрат» клубынан кетті

Ол «Қайрат» сапында бес рет әлемнің үздік қақпашысы атанды

Алматының «Қайрат» футзал командасының капитаны Игита клубтан кететін болды. Ол жаңа маусымда басқа команда сапында ойнамақ.

Осы аптада Игитамен қоштасуға арналған іс-шара өткен. Атақты ойыншы 14 маусымнан кейін командамен қоштасты. Ол «Қайрат» сапында екі рет Чемпиондар лигасында топ жарып, бес рет әлемнің үздік қақпашысы атанды.

Игита енді жаңа чемпион «Семей» клубына ауыспақшы. Бірақ әзірге нақты шешімін айтпады.

«Қайрат» қазірдің өзіңде жаңа қақпашы тауып үлгерді. «Атыраудан» жас қақпашы Ерасыл Шарапиденов келмекші. Бірақ ол негізгі қақпашы болмасы анық. Игитадан кейін тағы бір бразилиялық Деннис бар. Сонымен қатар керек кезде Нарун Серіков те ойнайды. 

Айта кетейік, бұған дейін футзалдан Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» капитаны Игита бастаған футзалшылар автобусқа дейін жанкүйерлер төсеп қойған қарсылас командалардың эмблемаларын басып өткен болатын.

Оқиға туралы бейнежазба желіде кеңінен тарап, көпшілік олардың әрекетін қатаң сынға алған еді. Кейін Игита бейнеүндеу арқылы көпшіліктен кешірім сұрап, айыбын мойындады. Осыдан соң, еліміздің Футбол федерациясы қатаң шешім қабылдады. 

Федерациясының Әдеп жөніндегі комитетінің отырысында қарсылас команданың атрибутикасына құрметсіздік танытқан «Қайрат» футзал клубы ойыншыларының спортқа жат әрекеттеріне қатысты сұрақты қарастыру туралы мәселе қаралған. Шешім бойынша «Қайрат» АФК-ға 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.