Олимпиадада жұрт наразы болған мәселелердің легі қандай?
Мемлекет басшысы бұл мәселелер бойынша өз позициясын көрсетті
Бүгін, 27 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылармен кездесті. Осы жиында президент спорт саласындағы бірқатар түйіткілді мәселеге тоқталды. Dopmedia.kz тілшісі Олимпиадада жұрт назары түскен мәселелер мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы айтқан ойына шолу жасады.
Жемқорлық пен бәсекелестік
Олимпиадаға қатысатын спортшыларға бөлінген қаражат мөлшерін естіген жұрттың таңырқағаны рас. Бұл мәселе бойынша мемлекет басшысы да өз ойын білдіріп, аталмыш факторға жол бермеуіміз қажет дейді.
«Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл-аймақтағы спорт саласын дамыту
«Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Білікті бапкерлеріміз шетел асып кетіп жатыр
«Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалдамалы әскер жанын салып күреспейді
«Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.