Жаңалықтар

Паралимпиада-2024: алдымызға өзбектер мен түріктерді жібердік

Қазақстан құрамасы медаль кестесінде қай орынға жайғасты?

Франция астанасы Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарының медаль кестесінде Қазақстан құрамасы алғашқы 40 елдің қатарынан табылды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

Қазіргі таңда Қазақстан спортшылары Парижде өтіп жатқан Паралимпиаданың медаль кестесінде 37-орынға табан тіреді. Ел қоржынында 7 медаль бар: 2 алтын, 3 күміс, 2 қола.

Медаль кестесінде Қытай 86 алтын, 65 күміс, 45 қола жүлдемен көш бастап келеді. Ұлыбритания құрамасы 45 алтын, 36 күміс, 26 қоланы қанжығасына байлап, екінші орынға тұрақтаған. АҚШ спортшылары 31 алтын, 38 күміс, 21 қола медальмен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Ал көршілес Өзбекстан медаль кестесінде 11-орынға жайғасса, Түркия 26-орынға тұрақтады. Әзірбайжан спортшылары 28-орыннан көрінді.

Айта кетейік, Париж Паралимпиадасы 8 қыркүйекке дейін болады. Жарысқа 182 мемлекеттен 4400 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 44 спортшы аттанған болатын.