Олимпиадада Мемлекеттік туды кім алып шығады?
Президент байрақты бәсекенің алдында спортшыларға сәттілік тіледі
Президент ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесуде Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды. Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады.
Президент спортшыларымызға барлық қажетті жағдай жасалып жатқанына тоқталды.
Қазақстан Президенті спорт тарихында өшпес із қалдырған саңлақтарымыздың еңбегі әрқашан жоғары бағаланатынын жеткізді.
Көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген Париж Олимпиадасы 26 шілде күні басталып, 11 тамызға дейін жалғасады.