Дұға еткені үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды (видео)
Ол осы үшін төрешімен дауласты
Иорданиялық футболшы Ахмед Айман Иордания кубогы аясындағы "Шабаб Аль-Ордон" мен "Аль-Джазира Амман" командалары арасындағы матчта бір минутта екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Оқиға 77-минутта орын алды. "Шабаб" командасының бапкері Айманды ауыстыруды шешкен кезде, ойыншы алаңнан шығар алдында дұға етпек болған.
Видео жазбасынан көрінгендей, Ахмед Айман тізерлеп, дұға етуге кіріскен сәтте оның әріптесі оны тұрғызуға тырысты. Бірнеше секундтан кейін төреші ойыншыға сары қағаз көрсетті. Бірақ футболшы төрешімен дауласуды жалғастырып, нәтижесінде сол сәтте-ақ қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Соған қарамастан, "Шабаб Аль-Ордон" командасы он ойыншымен ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.