Футбол

Футболшылардың үміт отын өшіріп кеткен әкім неге уәдесінде тұрмады?

"Қайсар" клубы қаржылық қиындыққа тап болды

Футболдан Қазақстанның Екінші лигасында ойнайтын Қызылорда облысы, Шиелі ауданының "Қайсар-Шиелі" клубы чемпионаттың бел ортасында жабылып қалуы мүмкін. Клубтың футболшылары үшін бюджеттен әлі қаражат түспеген, деп Dopmedia.kz тілшісі Aladop.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ел біріншілігі басталмай тұрып Шиелі ауданының сол кездегі әкімі Нұржан Ахатов (қазір Қызылорда қаласының әкімі) аталмыш команданы қаржыландыруға уәде еткен. Тіпті, бюджеттен 100-120 миллион теңгенің көлемінде қаржы бөліп бермек болған. Бұл қаражат Екінші лигада өнер көрсететін ұжым үшін жеткілікті еді. Бірақ жергілікті жас футболшылардан құралған клуб ауданнан қаражат алмай, қазіргі уақытта қарызға белшесінен батып отыр.

Соған қарамастан “Қайсар-Шиелі” клубы Екінші лигада жүлделі орынға талас жүргізіп, бүгінде турнир кестесінде 5-орында келеді. Жас футболшылардың жігері мен талабы таудай болғанымен, команданы қолдауға жергілікті атқамінерлер құлқысыз болып тұр. Жақында өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында клубтың қаржысы шешілуі тиіс еді. Алайда халық қалаулылары күн тәртібінде тұрған мәселені қараусыз қалдырған.