Ерлер

Месси мен Роналдудың «өкіл балалары» футбол майданын бастады

Футболдағы жаңа дәуір: Ямал мен Мбаппе

Месси мен Роналдудың футболдағы жарқын кезеңі аяқталып келеді. Осымен футболдағы айтыс та, тартыс та түгесіліп қалатындай көрінеді. Бірақ олай емес, керісінше футболдағы бұл тартыс одан әрі жандана түседі. Пеле мен Марадона, Мальдини мен Зидан, Месси мен Роналду арасындағы бәсеке енді жаңа буынға ойысты. Енді алдағы уақытта Еуропа біріншілігін шайқап жүрген «Барселонаның» жас таланты Ламин Ямал мен «Реал Мадридтің» жаңа ойыншысы Килиан Мбаппе арасындағы тартысқа куә боламыз, деп хабарлайды Dopmedia.kz тілшісі.

Еуро-2024 турнирінің жартылай финалында Испания мен Франция құрамалары кездесті. Тартысқа толы ойында Испания құрамасы жеңісті жұлып алып, финалға шықты. Міне, осы ойында екі құраманың қос мықтысы – Мбаппе мен Ямалдың жолдары түйісті. Екеуі де командасының жеңісі үшін аянып қалмады. Ямал ойынның 21-минутында айып алаңының сыртынан гол соғып, Еуропа чемпионаты тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды. Ал Мбаппе бұл матчта нәтижелі әрекетімен көзге түспесе де, дриблингі, қақпаға бағыттаған соққысы қарсылас команданың зәре-құтын қашырды.

Мбаппенің жұлдызды кезеңі

25 жастағы Мбаппе жақында ғана «Реал Мадрид» клубына ауысқаны туралы ақпарат тарады. Ал 16 шілдеде Килиан Мбаппені «Сантьяго Бернабеу» стадионында ресми түрде таныстырады. Осы уақытқа дейін франциялық «ПСЖ» сапында ойнаған ол көпшілік сүйсінетіндей өнер көрсетті.

Transfermarket порталының мәліметі бойынша, Мбаппе 180 миллион еуроға бағаланады.

Статистика:

Мбаппе Франция лигасында 246 матчта 18 216 минут ойнап, 192 гол соғып, 65 нәтижелі пас берген. Ал Еуропаның белді клубтары бақ сынасатын УЕФА Чемпиондар лигасында франциялық ойыншы 73 матчта 5 853 минут уақыт өткізіп, 48 гол, 23 ассистімен көзге түскен. Ал Франция ұлттық құрамасы сапында 68 ойын өткізіп үлгерген ол 43 гол соғып, 18 нәтижелі пас беріп, үздік атанған. Ал Килиан Мбаппенің бүгінге дейін жалпы саны 440 матчқа қатысып, 328 рет қақпаға доп тоғытқан, 129 ассист жасаған.

Жетістіктері:

Егер жоғырдағы нәтижелерді сараптайтын болсақ, бүгінде Мбаппе өзінің нағыз шеберлігін көрсетіп жүргенін аңғарамыз. Десе де 25 жастағы футболшының әлі де жолы болмай, қолы жете алмай жүрген трофейлері бар. Франция чемпионы, әлем чемпионы атағын жеңіп алған ол әлі де болсын Еуропа біріншілігі мен Чемпиондар лигасында жолы болмай келеді. Соңғы кезеңдерде сәттілік жолдас болмай, жарыс жолынан шығып қалып жүр.

«Реал Мадридтің» супер жұлдызына айналуды көздеп отырған Мбаппе алдағы уақытта осы секілді кубоктарды қағып алатынына ешкім күмән келтірмейді.

Рекордтарды бұзған оқушы Ямал

Осы Еуроның басты жаңалығына айналған жас талант – Испания құрамасының 16 жастағы шабуылшысы Ламин Ямал. Ол Еуропа бірінішілігі басталысымен-ақ рекордтар легін бұзып-жарып келеді. Күні кеше ғана Еуропа чемпионаты тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды.

Биылғы маусымда «Барселона» сапында өнер көрсеткен Ямал өзінің керемет ойынымен жанкүйерлердің назарын өзіне аударып үлгерді. Оның айып алаңының сыртынан шірене тартқан доптары қақпаның тоғыздығын дәл табады.

Transfermarket порталының мәліметі бойынша, Ямал 90 миллион еуроға бағаланады.

Статистика:

Биылғы маусымда «Барселона» сапында ол Испания чемпионатында 2 197 минут уақыт өткізіп, 5 гол және 5 нәтижелі пасымен көзге түскен. Ал Чемпиондар лигасында 579 минут уақыт өткізіп, 2 ассист жасап үлгерген. Испания ұлттық құрамасымен бірге 15 матчқа қатысып, 7 гол соғып, 5 нәтижелі пас жасаған.

Жетістіктері:

Қазіргі таңда Ямалдың еншісінде тек Ла Лиганың трофейі бар. Ал өзге белді турнирлерде футболшы енді көзге түсуде. «Барселона» құрамынан жұлдызды ойыншылардың бірінен соң бірінің кетуі клубқа ауыр тиді. Біршама жыл қатарынан турнирлерде топ жара алмай келеді. Бірақ Ямал бұл сеңді бұзу үшін келгендей көрінеді. Жас таланттың алар трофейі де, бағындырар кубогы да әлі алда.

Мбаппе – Роналдудың ізбасары

Килиан Мбаппенің «Реал Мадрид» клубының сапына ауысатыны туралы ресми ақпарат шыққан уақытта Криштиану Роналду да жылы лебізін білдірген болатын.

Бала Ямалды шомылдырған Месси

Ламин Ямальдың әкесі жақында әлеуметтік желілерге Ламиннің бес айға толмаған кезінде Лионель Месси шомылдырып жатқан фотосын жариялады. Өзгелер мұны кездейсоқтық дер немесе фейк екенін айтар. Осылайша 2007 жылы түсірілген суреттегі екі тұлғаның футбол тарихынан ойып орын алатынын кім білген?!

Бұл суретті 2007 жылдың желтоқсанында фотограф Жоан Монтфорт түсірген. Ол The Athletic-ке берген сұхбатында былай деген:

Бұл «Барселона» мен Diario Sport қайырымдылық жобасына арналған фотосессия болды: фотосурет 2008 жылға арналған күнтізбеде жарияланды, ал одан түскен қаражат Каталонияның қайырымдылық ұйымдары мен ЮНИСЕФ-ке жіберілді.

Ол кезде «Барселона» өкілдері нәрестелермен суретке түсетін – күнтізбедегі әр ай үшін 12 ойыншы таңдалды. Мессиге Ямаль деген сәби түсті.

Ламин Ямалдың өзі де Мессиді үлгі тұтатынын айтқан.

Ямал мен Мбаппені не байланыстырады?

Килиан Мбаппе мен Ламин Ямал аралас некеден дүниеге келген.

Мбаппенің әкесі – камерундық, ал шешесі – алжирлік. Әкесі кезінде футбол жаттықтырушысы болса, шешесі кәсіби түрде гандболмен айналысқан.

Ямал да аралас некеден дүниеге келген. Ямалдың әкесінің түп негізі – марокколық, ал шешесі Экваторлық Гвинеяда дүниеге келген. Тіпті Ямал өзінің бутсында үш елдің туын бейнелеген (Испания, Марокко, Экваторлық Гвинея).

Ямал мен Мбаппе Эль-Класиконың сәні болады

Ла Лиганың көркін қыздыратын матч – Эль-Класико екені сөзсіз. Осыдан біршама жыл бұрын жанкүйерлер Эль-Класикодағы Месси мен Роналдудың текетіресін тамашаласа, алдағы уақытта олардың орнын жас таланттар басады. Ямал мен Мбаппенің жолы Еуро-2024 турниріндегі жартылай финалдық ойында алғаш рет түйісіп отыр. Енді олардың өзара тартысқа толы текетіресін әлем жанкүйелері тағы да екіге жарылып, Эль-Класикодан тамашалайтын болады.