Жаңалықтар

Бұған дейінгі Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кімдер ұстап шыққан?

Париж Олимпиадасында туды кімдер алып шығады?

Кеше, 10 шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының спортшыларымен кездесіп, Париж Олимпиадасының ресми ашылу салтанатында көк туымызды көтеріп шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға ту табыстады. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.

Бұған дейінгі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын қандай спортшылар алып шыққанын ой елегінен өткізіп көрелік. Еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан тұңғыш жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен болатын. Бұл байрақты бәсекеде жас боксшы Ермахан Ыбырайымов туымызды алып шыққан еді. Ал боксшының өзі осы додада қола медаль еншіледі. Жалпы есепте Қазақстан 11 жүлмедемен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтаған болатын.

Араға 4 жыл салып Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті төртжылдықтың басты бәсекесінде Ермахан Ыбырайымов тағы бір мәрте еліміздің көк байрағын желбіретіп ұстап шықты. Бұл жолы тәжірибесі толысқан боксшы ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Осылайша, Ермахан Ыбырайымов – Қазақстанда екі Олимпиадада Қазақстан туын көтеріп шығып, екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы ретінде Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Сиднейде Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.

2004 жылғы Олимпиада ойындарында Мемлекеттік туды дзюдошы Асхат Жіткеев көтеріп шықты. Аталмыш Олимпиадада ол 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орыннан табылды. Дегенмен Жіткеев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдесі болды.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында еліміздің көк туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке бұйырды. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-орын, Афина Олимпиадасында 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 кг нәтижемен 5-орын алды.

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты. Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Тінәлиев швециялық балуан Еурен Йоханнан жеңіліп қалды.

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада Қазақстан туын 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров алып шықты. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте отандасымыз 29 жастағы оңтүстік кореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды.

2020 жылғы (2021 жыл) Токио Олимпиадасында еліміздің көкбайрағын Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға табыстады. Атап айтсақ жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа.

Міне енді Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк туын тағы да екі бірдей спортшымыз алып шығады. Олар бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.