Қазақ спорты неліктен орысша сөйлейді?
Шахмат, хоккей және теннисіміз неге "жетімсіреп" жүр?
Қазақстандағы спорттық әлем – ұлттың рухын, намысын көтеретін маңызды сала. Біз боксшының шаршы алаңдағы жеңісін немесе балуанның бозкілемдегі шеберлігін көріп, олардың жетістігімен мақтанамыз. Алайда осы тұста Dopmedia.kz тілшісі қазақ спортындағы бір өзекті мәселені көтереді: қазақ спорты неге орысша сөйлейді?
Бізге керегі бокс пен күрес пе?
Қазақ боксшылары мен күрес шеберлері әлемдік деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп жүргені мәлім. Олардың арасында ана тілімізде еркін сөйлейтін, сұқбат беретін спортшылар да жетерлік. Мысалы, Жәнібек Әлімханұлы, Сәкен Бибосынов секілді чемпиондарымыздың атақтары жер-жерге жайылған. Олар сұқбаттарында қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық болмысымызды айшықтап жүр. Бұл тек спорттағы жеңіспен емес, мәдениетіміз бен тілімізді дәріптеудің үлгісі.
Алайда бұл құбылыс көбінесе жекпе-жек спорт түрлеріне тән. Күрес, бокс, дзюдо сияқты спорт түрлеріндегі қазақ спортшылары ана тілінде сөйлеп, қазақтың рухын әлемдік деңгейде көтереді. Мұның себебі, мүмкін, қазақтың ұлттық спорт түрлерімен етене жақындығында жатқан болар. Күрес пен бокс – біздің тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтуіміз керек. Оның үстіне, аталған спорт түрлерінің біздің елімізде кеңінен жайылған.
Шахмат, хоккей және теннисіміз неге "жетімсіреп" жүр?
Ал шахмат, хоккей, теннис секілді спорт түрлерінде жағдай мүлде басқа. Бұл спорт түрлеріндегі қазақ спортшыларының саны өте аз. Көбінесе, осы спорт түрлерімен айналысатын спортшылар орыс тілінде сөйлейді.
Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, шахмат пен теннис сияқты спорттар Қазақстанға кеш енген және көбінесе олармен орыстілді орта көп айналысады. Хоккей сияқты командалық спорт түрлерінде де осыған ұқсас жағдай орын алған. Бұл спорттарда легионерлердің, яғни шетелден келген ойыншылардың саны көп, сондықтан да олардың тілдік ортасы да орысша қалыптасқан. Мәселен, теннисіміздің өзінде Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко секілді бірқатар спортшыларымыз Ресейден қоныс аударған, тиісінше орысша сөйлейді.
Сонымен қатар жақында 45-ші бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Бұл додадан жеңіспен оралған шахматшыларымызды Астана әуежайынан жақынждары мен жанкүйерлері күтіп алды. Осы жиында байқағанымыз шахматшыларымыз қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Қазақ тілінде емін-еркін жауап беруге тырысса да, орысшасы басым түседі.
Одан бөлек бұл спорт түрлеріне баласына беруге құмар қазақтілді ата-аналар да сирек. Бұл мәселе де аталмыш спорт түрлеріндегі қазақ тілінің жағдайын ушықтырып отыр.
Жалдамалы әскер жанын салып соғыспайды
Қазақстан спортындағы легионерлердің ықпалы зор. Футбол мен хоккейдегі легионерлердің саны да қазақ тілінің қолданысына кері әсерін тигізеді. Мысалы, хоккейден Қазақстан құрамасы мен кейбір футбол клубтарында ойыншылардың басым көпшілігі Ресейден немесе басқа шетелден келген. Бұл жағдайда тілдік кедергілер болмау үшін ресми тіл ретінде орыс тілі қолданылады.
Легионерлердің болуы – спорттағы халықаралық тәжірибе, бірақ олардың көп болуы ана тіліміздің қолданылу аясын тарылтатыны анық. Спортшылар арасында қазақ тілінің дәріптелуі тек ұлттық мәдениет пен тілге қатысты мәселе ғана емес, мемлекеттік саясат тұрғысынан да өзекті болып тұр.