Жаңалықтар

Теміртау полицейі қайтыс болған адамның банк картасын ұрлап, сотталды

Теміртау полицейі қайтыс болған адамның банк картасын ұрлап, сотталды.

Теміртау қаласының криминалист маманы қайтыс болған адамның банк картасын ұрлағаны үшін сотталды. Соттың мәліметінше, сотталушы пәтердегі мәйіт туралы хабарламаны алғаннан кейін оқиға орнына келген. Сол жерде ол банк картасы мен оның PIN-кодын тауып алып, өзіне пайдаланған. Кейіннен сол картадан шамамен 200 мың теңге ақша шешіп алған.

Сотталушыға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, өз пайдасына артықшылықтар алу, сондай-ақ бөтен мүлікті жасырын ұрлау бойынша айып тағылды (ҚР ҚК 361-бабы 2-1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігі). Сот процесінде полицей зардап шеккен тараппен татуласып, келтірілген шығынды өтеді. Прокурор оған үш жыл мерзімге бостандығын шектеу және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айыру жазасын сұрады. Зардап шеккен тарап ұрлық бойынша қылмыстық істі татуласуға байланысты тоқтатуды сұрады.

Сот полицейдің тек бір бап бойынша кінәсін мойындап, үш жыл мерзімге бостандығын шектеу және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айыру жазасын тағайындады.

Айта кетейік, соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін Ақтөбе қаласында учаскелік полицей алаяқтыққа оқталғаны үшін 2,2 миллион теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылған еді.