Жаңалықтар

Елордалық ата-аналар үшін маңызды әрі қуанышты жаңалық

Жаңа алаң балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Спорт алаңы Байқоңыр ауданы әкімдігінің демеушілігімен 3 айда салынған. Ашылу рәсіміне аудан әкімі, білім басқармасы өкілдері, ұстаздар, ата-аналар және оқушылар қатысты.

Бүгін елордадағы № 34 Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектепте жаңа спорт алаңының ресми ашылуы өтті. Қаланың шеткері бөлігінде орналасқан бұл мектепте қазіргі таңда 374 оқушы білім алуда. Білім берудің маңызы зор екені анық, бірақ сонымен бірге балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін спорт алаңының болуы да маңызды. Осы мақсатта Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен жаңа спорт алаңы үш айдың ішінде салынды.

Ашылу салтанатына Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, Білім басқармасының өкілдері, білім беру мекемелерінің басшылары, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар және мектептің түлектері қатысты.

Ресми ашылудан кейін мектеп оқушылары спорт алаңында өздерінің шеберліктерін көрсетіп, эстафеталық ойындар, асық ату, арқан тарту, кермеге тартылу, футбол және шахмат бойынша сайысқа түсті.