DopStyle

Насыбаймен ұсталған, Роналдудың айлығын сұраған қазақ футболшысы кім?

Бауыржан Джолчиев туралы не білеміз?

Бауыржан Джолчиев – қазақ футболында жарқ етіп шығып,жоқ болып кеткен ойыншылардың бірі. «Цесна» футбол мектебінің түлегі кәсіби мансабын «Алматы» клубында бастағанымен, өзінің потенциалын «Атырауда» толық көрсете алды. 2009 жылы, небәрі 19 жасында, ол клубпен бірге алғашқы трофейін жеңіп алды. Кубоктың финалында «Шахтерді» жеңген сәтте Бауыржан Джолчиев негізгі құрамда өнер көрсетті, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

Алайда, 2010 жылы оның тәртібіне қатысты алғашқы мәселелер басталды, бұл жағдай оның футболдағы мансабына әсер етті. 2011 жылы Франция жастар құрамасына қарсы ойын алдында ол әуежайда кеден қызметкерлерінің назарын металдан жасалған тюбиктегі насыбаймен аудартып алды. Бұны қызметкерлер есірткі деп ойлаған. Осының бәрі команда менеджерінің тапқырлығы арқасында шешіліп, Бауыржанның басы бәледен аман қалған еді.

2012 жылы Бауыржан Джолчиев Қостанайдың «Тобыл» клубына ауысып, келесі маусымда 8 гол соғып, жылдың үздік жас ойыншысы атанды. Бірақ оның тәртіпсіздігі клубпен келісімшартты бұзуға әкелді, дегенмен Бауыржан Джолчиев бұл жағдайдан да пайда тауып, «Тобылдан» 15 миллион теңге өндіріп алды.

"Астана" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: Бауыржан Джолчиев

Жас талантқа еуропалық клубтар да қызығушылық танытты, бірақ футболшының тым жоғары қаржылық талаптары бұл келіссөздерге нүкте қойды. Мысалы, 2013 жылы «Динамо» (Мәскеу) клубы Бауыржан Джолчиевке 600 мың еуро жалақы ұсынған кезде, ол 1,5 миллион еуро талап етті. Тіпті келіссөз жүргізген агенттің өзі де бұл жағдайға таңырқаған деседі. Сол жылы италиялық «Лацио» клубы да қызығушылық танытқанымен, олар басқа кандидатты таңдаған еді.

Кейін Бауыржан Джолчиев «Қайрат» пен «Шахтер» клубтарымен келіссөздер жүргізгенімен, ақырында ол «Астана» сапында ойнай бастады. «Астанадағы» кезең Бауыржан Джолчиевтің футболдағы ең үздік әрі соңғы жылдары болды. Ол екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, Еурокубоктардағы жетістіктерге қол жеткізді. Алайда, 2015 жылы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Галатасарайға» қарсы матчтан кейін оның кәсіби мансабы күрт аяқталды.

Carlos Rodrigues/Getty Images. Суретте: Бауыржан Джолчиев

Ол кезде агенттер Португалия, Грекия және Норвегия клубтарымен келіссөздер жүргізгенімен, футболшының талаптары қазақстандық ойыншы үшін тым жоғары болды. Нәтижесінде, 2015 жылы Еуропадан оның талаптарына сәйкес клуб табылмады.

Футболдан қол үзгеннен кейін Бауыржан Джолчиев бірнеше рет қоғамдық жұмыстарға тартылды. 2017 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін ол 200 сағат қоғамдық жұмыстарды атқаруға міндеттелді. Қызығы – ол бұл жазасын адал өтеді.

2018 жылы Бауыржан тағы да «Астанада» жаттығуларға қатысып, клуб оны қайтаруға қарсы болмағанымен, тағы да қаржылық мәселелер кедергі болды.

Қорытындылай келе, Джолчиев – ерекше дарын иесі. Алайда, оның мансабы футболдағы тәртіптің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тәртіпсіздігі мен қаржылық талаптары оның мансабына әсер еткен негізгі факторлар болды.