"Турникке тартылғаннан арқамның ауруы жазылды": желіде танымал 74 жастағы әже құпиясын айтты
Турникке тартылып танымал болған әже жан сырын айттты
Шымкент қаласының 74 жастағы тұрғыны Гүлсара Әбсаматова әлеуметтік желі қолданушыларын спортқа деген сүйіспеншілігімен тәнті етті. Зейнет жасындағы әйел күнделікті қаладағы Дендросаябақта турникке тартылып, спортпен шұғылданады. Бір күнде желі арқылы танымал болған әжей KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Шымкенттік Гүлсара Әбсаматова күн сайын екі сағатын спортқа арнайтынын айтады. Ақ жаулықты әжей турникте 5 минут бойы басын төмен қаратып асылып тұрады. Мұны көрген азаматтардың бірі әжейдің ерекше әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Содан бері мені танитын адамдар көбейді дейді зейнеткер.
Екі ұл, екі қыз өсірген зейнеткерден дәрігерлер қатерлі ісік те анықтаған. Содан бері күлкіні ұмыттым деген Гүлсара апа ауруды жеңуге күшті дәл осы спорттан тауыпты. Күн сайын екі-үш сағат бойы шынығып, тіпті турникте жоғарыдан төмен бес минут бойы тұрады.
Бір қызығы Гүлсара Әбсаматова саябаққа төрт аялдама бойы жаяу жүріп келеді. Дұрыс тамақтануды да өмір салтына айналдырған.