Жаңалықтар

Министрлеріміздің не спортқа қатысы жоқ, не спортшы емес, не тәжірибесі жоқ – Дәулет Тұрлыханов

Спорт министрлерін сынға алған Дәулет Тұрлыханов не дейді?

Қазақстан күрес түрлері федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов министрлерді жыл сайын ауыстыра беру – спорт саласының дамуына зор нұқсан келтіріп жатыр дейді. Мұндай пікірін ол бүгін федерация басшылығы өткізген баспасөз мәжілісінде айтты, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

Париж Олимпиадасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Туризм және спорт министрі болған Ермек Маржықпаевты отставкаға жіберген болатын. Оның орнына Ербол Мырзабосынов тағайындалды. Бұл – спорт саласында бес жылда тағайындалған бесінші министр.

Айта кету керек, қазіргі министр Ербол Мырзабосынов қазақ күресімен ұзақ уақыт айналысқан. Ал, оның алдында саланы басқарған Ермек Маржықпаев болса – бокстан спорт шебері. Түрмеде жазасын өтеп жатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның ізбасары Ақтоты Райымқұлова да министр болғанда спорт саласына жауапты еді. Алайда, екеуі де – мәдениет саласының өкілдері, спортқа он қайнаса сорпасы қосылмайды. Ал, қазір Президент әкімшілігінде жұмыс істеп жатқан Асхат Ораловтың (бұрынғы Мәдениет және спорт министрі) да спортпен еш байланысы жоқ.