Қазақстанның сыртқы қарызы 505 млрд долларға жетті ме?
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтып отырған 505 млрд доллар қайдан шыққан есеп?
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Мәжіліс мінберінде Қазақстанның квазимемлекеттік сектор мен мемлекет қарызын қосқандағы сыртқы берешек сомасы 505 млрд долларға жетті деп мәлімдеді. Dopmedia редакциясы зерттеп көрді.
Ұлттық банк сайтындағы дерек бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 166,7 млрд долларды құрайды. Мұның ішінде мемлекет қарызы да, квазимемлекеттік сектордағы да қарыздар кірген. БАҚ бетінде жариялаған ресми деректердің бәрінде 166,7 млрд доллар берілген. Берілген деректер 01.07.2024 жылғы есеп бойынша көрсетілген.
Жалпы 2024 жылдың басынан бері Қазақстанның сыртқы қарызы тағы 3 млрд долларға өскен. Сарапшылар мен экономистер сыртқы қарыздың көп болғаны үлкен қауіп төндірмейді, оның ішінде басқа нәрсеге мән беру керек екенін айтады. Нақтырақ айтқанда, сыртқы қарыз көлемі мемлекеттің ЖІӨ-не тең немесе асып кетпеуі тиіс. Мұндай жағдайда ел экономикасында тұрақсыздық басталып, мемлекеттің инвестициялық ахуалы нашарлайды. Қазақстанның сыртқы қарызы елдің ЖІӨ-ның 22,8% құрайды. Мемлекет бұл пайыздық өлшемді 32-33% мөлшерінде лимит қылып бекіткен.
Енді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың мәлімдемесіне оралайық. Депутаттың шындығында бұл сандарды қайдан алғаны белгісіз. Әрине, қателескен де болуы мүмкін, бірақ қателесіп тұрған цифр 1-5 млрд арасында болса да күмәнді еді, депутаты 338,3 млрд долларды артық айтып отыр.
Депутат айтқан санға қатысты нақты дерек таба алмадық, тек халықаралық зерттеулерге сүйендік.
Дүниежүзілік банк қарыз алған мемлекеттердің бір-біріне нақты қанша ақша берешек екенін білмейтінін айтты. Бұған зерттеу жасаған банк 1970 жылдан бері қарыздарын нақты есеп ретінде бермей, жасырып келген елдердің өтірігі айғақ болып отыр деп есептейді. Аталған жасырын қарыз сомасы 1 трлн доллардан асып кетті деп санайды. Әрі бұл берешек ертең тағы бір экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін екенін де ескертті.
Дүниежүзілік банк тобының макроэкономикалық, сауда және инвестициялық тәжірибе бойынша жаһандық директоры Марселу Эстеван былай дейді:
Жалпы әлемде сыртқы қарызы триллион доллардан асып кететін елдер көп. Солардың басында тұрған және әлемдегі сыртқы қарызы ең көп ел – АҚШ. 26,4 трлн доллар. Одан кейін Еуропа елдері жалғап жатыр.