Дөп

"Бұлар талай адамды қан қақсатқан". Шерзатттың әкесі "Хутор" бригадасы туралы айтты

Шерзаттың әкесі аталмыш жағдай бойынша пікір білдірді

Марқұм Шерзаттың әкесі ұлын өлтірді деп айыпталған бір топ күдіктіге қатысты деректерді бөлісті, деп Dopmedia.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның әкесінің айтуынша, Талғардың жергілікті бұзақылары осы күнге дейін шағын және орта кәсіптердің үстінен қарап, бопсалап келген.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда 16 жастағы Шерзатты өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктілердің суреті әлеуметтік желіде жаппай таралып кеткен еді.

QirSabyn телеграм арнасы бірнеше күдіктінің суреті мен олардың есімін жариялады. Дереккөздің мәліметінше, күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сот деректеріне сүйенсек, азамат А. және оның досы бұған дейін де бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Өткен жылдың күзінде азамат Н. екеуі жанармай бекетінде бейтаныс жігітке шабуыл жасап, орташа дәрежедегі жарақат салған. Алайда сотта екі тарап татуласып, істі жылы жапқан.

Азамат Н. болса, қазіргі уақытта төбелес үшін шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Оның бұған дейін адамдарға төрт мәрте шабуыл жасағаны белгілі болды. Бірақ жәбірленушілер оған белгісіз себептермен кешірім беріп, татуласуға келіскен.

Осы тұста әлемжеліде Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған жігіттердің “Хутор” атты жергілікті қылмыстық топпен байланысы бар деген ақпарат желдей есуде. Топтың басшысы Хасан есімді азамат көрінеді. Көптің айтуы бойынша, ол Талғар ауданын үрейде ұстап отыр.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті.

Қазіргі таңда Талғар ауданында үйді өртеу қылмысы бойынша барлық айғақ алынып, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады.

Әленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Оқиға орын алған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.