“Барыс” тағы бір легионермен қоштасты
Спортшы биылғы маусымда екі рет қана ойнады
«Барыс» хоккей клубының басшылығы ауысқалы бері бірнеше легионермен келісімшарт бұзылған еді, енді сол тізімге канадалық қорғаушы Алекс Грант қосылды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 жастағы ойыншымен келісімді үзу туралы бастаманы басшылық көтерген, және оған қомақты өтемақы төленетін болды.
Айта кетерлігі, Грант ҚХЛ-дің биылғы маусымында «Барыс» сапында тек екі ойын өткізіп, нәтижелі соққы жасай алмады. Ал, өткен маусымда жарақат салдарынан небәрі 8 кездесуге қатысып, тек бір гол соққан болатын.
Еске салсақ, «Барыс» клубы екінші маусым қатарынан нәтижесіз ойын көрсетіп, бұл басшылық пен бапкерлер құрамының ауысуына алып келді. Жаңа бас директор Нұрлан Оразбаев пен бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев қызметке келген бойда бірнеше легионермен қоштасты, сол өзгерістерден кейін команда екі рет жеңіске жетіп, бір мәрте жеңілді.
Қазіргі уақытта, 19 матчтан соң 11 ұпай жинаған астаналық клуб ҚХЛ турнирлік кестесінің соңғы, 12-орнында келеді.