Дөп

Қазақстанда ауылдар неге азайып барады?

Елімізде 10 жылда 582 ауыл жойылған екен

Қазақстанда ауылдар саны азайып барады. Биыл 19 наурызда Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров үкімет отырысында елде кейінгі 10 жылда 582 ауыл жойылғанын айтқан. Сарапшылар бұған урбанизациямен қатар өзге де бірқатар себептер бар дейді. Қазақстан үкіметі ауылдарды көркейту үшін жаңа бағдарламалар әзірлеп, қомақты ресурс жұмсап жатыр, деп Dopmedia.kz тілшісі MNU Newsroom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Zakon.kz басылымының жазуынша, Қазақстанда 6256 ауыл бар. Онда 7,6 миллион адам тұрады. Бұл ел халқының 38,4 пайызын құрап отыр. 

ТАБИҒИ АПАТ ЫҚПАЛЫ

Ауылдар санының қысқаруына экономикалық мүмкіндіктермен қатар табиғи апаттар да ықпал етеді. Мәселен, көптеген қазақстандық жыл басында болған су апаты салдарынан әлі күнге дейін үйлерін қайта қалпына келтіре алмай жүр. Informburo.kz басылымының жазуынша, наурыз айында басталып, сәуірде жалғасқан апат кесірінен 10 облыста 11 865 үй зақымданған. 

Кейбір ауылдар су қаупі бар аумақта орналасқандықтан, басқа аймақтарға көшірілген. Қазақстан ұлттық арнасының мәлімдеуінше, қыркүйекте Қазақстан бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге 2500 үй салынған. 

Астана қаласынан 45 шақырым жердегі “Ағанас” ауылы 2015 жылы болған су апатынан кейін қаңырап бос қалған. Қазір онда өрістен қайтқан мал дүбірі түгіл, ұшқан құс, үрген иттің үні естілмейді. Тек қираған үйлер мен шөп басқан көшелер бір кезде мұнда қайнаған тіршіліктің бар болғанынан хабар береді.

Жанат есімді сол ауылдың соңғы тұрғыны Азаттық радиосына берген сұқбатында ауыл цифрлық картадан әлдеқашан жойылып кетсе де, өзі көпке дейін көшуге асықпағанын айтады. 

Алайда, ол да кейінгі бір жылдан бері ауылда тұрмайды. “Ағанас” қазір су тасқыны салдарынан бос қалып, толықтай иен далаға айналған. 

Биылғы апаттан кейін де Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында ауыл орнына үй салу не салмау мәселесі көтерілді. Бұл жағдайда Қазақстан үкіметі шешімнің екі жолын ұсынды: не үй орнына жаңа үй салу, не нарықтан сол үйге шамалас басқа үй сатып алауға көмектесу. Кейбір адамдар өз ауылындағы үйінің орнынан құрылыс бастауды таңдаса, тағы біреулер нарықтан жаңа үй іздеген. 

УРБАНИЗАЦИЯ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРДІ ІЗДЕУ

Биыл наурызда өткен үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан ауылдарындағы халықтың 7,2 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүретінін айтты. Жалпы ауылдағы жұмыссыздық 4,7 пайыз болса, ал 33 пайызы жеке шаруамен айналысады. 

Ауылдарда модернизация жүрмей, экономикалық мүмкіндіктер азайғаннан кейін халықтың бір бөлігі, әсіресе жастар жаңа мүмкіндіктер іздеп халық көп шоғырланған, жұмыс мүмкіндігі көбірек қалаларға көше бастаған. Қаржы деректеріне анализ жүргізетін DATA HUB ресурсының мәлімдеуінше, 2023 жылдың 1 шілдесі мен 2024 жылдың 1 шілдесі аралығында Қазақстанда 78 ауылдың азайғанын көруге болады.

Сондай мүмкіндікті іздеп Талдықорған қаласына көшкен азаматтардың бірі – Мұрат Талап. Ол қазір Талдықорғанда пәтер жалдап тұрады, қаладағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істейді. Мұрат 2020 жылға дейін Ақсу ауданына қарасты 11-ауылда тұрған.

Мұраттың айтуынша, өзі тұрған ауылда үшінші сыныпқа дейін оқытатын мектеп болған. Ол жабылып қалғаннан кейін балалары көрші ауылға қатынап оқыпты. 

11-ауылда қазір айналасы 10-15 шақты үй қалған. Тұрғындары жақын маңдағы ауылдарға, қалаға ығысып, қазір қаңырап бос қалудың аз-ақ алдында тұр.

Мұраттың айтуынша, ауылда сатуға қойған үйлер көп, бірақ көшіп келуге ниетті адамдар жоқ. Оның да баспанасы сатылымда тұрғанына көп болған және жақында өзге біреулер көшіп келеріне күмәнмен қарайды.

Қазір ол аспаздықты меңгерсе, жұбайы макияж жасауды үйреніп, сән салонын ашқан. Қала шетіне төрт бөлмелі үй салмақшы. Олар болашағын енді осы қаламен байланыстыратынын жасармады.

Қазақстан үкіметі былтыр ауыл инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолдау білдіру мақсатында концепция бекітті. Азаттық радиосының жазуынша, жоба 2027 жылға дейін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық потенциалын ашуға негізделген. 

Үкіметтің ауылдарды қолдауға бағытталған “Ауыл – ел бесігі” секілді бағдарламаларға бөлінетін қаржы жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2019 жылы бұл жобаға 29 миллиард теңге бөлінсе, 2023 жылы сома 198 миллиард теңгеге жеткен. 

СОЛТҮСТІКТЕГІ БОС ҚАЛҒАН АУЫЛДАР

Қазақстан тәуелсіздік алғалы ел территориясы бойынша ішкі және сыртқы миграция жүрді. Әсіресе, елдің солтүстік облыстарында ұлты орыс халықтың бір бөлігі Ресейге көшті. Мұның есебінен солтүстіктегі бірқатар ауылдардың халық саны азайып, кейбіреулері тіпті бос қалды. 

Қазақстан үкіметі солтүстіктегі ауылдарды қайта жандандыру үшін түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Мәселен, еңбек күші қажет ететін өңірлерге арнайы квотамен қосымша жәрдемақы төлеп, оңтүстіктегі облыстардан азаматтарды көшіруге ынталандырып жатыр. Шетелден келетін этникалық қазақтарды да Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына қоныстандырып жатыр. 

Солтүстікке көшті жүйелеуді өзінің берік мақсатына айналдырған Бурахан Дақанов ауылдардың жойылуы мектептердегі бала санының азаюымен тікелей байланысты дейді. 

Дақанов солтүстікте кеңес дәуірінде жер аударылып келген басқа ұлт өкілдерінің тәуелсіздіктен кейін өзінің тарихи Отанына қайта оралуы – ауылдардың азаю себептерінің тағы бірі екенін айтты. Сонымен қатар жоғалып жатқан ауылдардың көбі шекара бойындағы ауылдар екенін тілге тиек етті.

«Шекара бойындағы ауылдардың жабылуы қауіпті үрдіс деп есептеймін. Оларды бос қалдыруға болмайды. Менің ойымша, солтүстікке оңтүстік өңірлерден басқа саладағы, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын адамдарды көшіру керек, өйткені оларға инфрақұрылымның аса қажеттілігі болмайды», – дейді Дақанов.

Қоғам белсендісі сондай-ақ Маңғыстау, Қызылорда жақтағы қуаңшылыққа тап болып отырған бақташыларды үгіт-насихат жүргізу арқылы солтүстіктегі терістікке тарту керек деп есептейді.

БОС ҚАЛҒАН БАЛУАН АУЫЛЫ

Диқан Қапарұлы есімді азамат өзі туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы Балуан ауылынан көшіп кетуінен басқа амалы қалмағанын айтты. Оның ауылдан көшуінің бір себебі – ауылға жақын маңда аурухананың болмауы.

Қапарұлы Балуан ауылында мектеп бітірген. 2009 жылы Шал ақын ауданының орталығына қоныс аударған. Ауылында егіншілік, мал шаруашылығымен айналысқан көп тұрғынның бірі болған. Қазір оның ауылы бірнеше үй қалған ескі қонысқа айналып отыр.

Диқан ауылда аурухана болмағандықтан, әлі де қиындық көріп отырған қарттар барын айтады. Оның сөзінше, егде жастағы азаматтардың денсаулығы сыр берген кезде бірден ауданға жетуге ат-көлік даяр болмай қалады. Ал қыста қалың қар түссе, жол біржола жабылып қалады екен. 

Балуан ауылынан тұрғындар 2010-2015 жылдар аралығында көше бастаған. Бастапқыда 120 шақты үй болған үлкен ауылдың тұрғындары жолдың жоқтығына, жұмыс тапшылығына жиі шағымданған. Жері құнарлы ауыл кеңес дәуірінде егіншілікпен айналысып, нәпәқасын ажыратқан.

Сөзінше, олар осы жер дауы үшін 10 жылдан аса соттасып келеді. Сот әлі күнге дейін бітпеген. Тұрғындар бұл жайлы бұдан бұрын да ақпарат көздеріне мәлімдеген.

Жер дауы асқынған соң, екі қолындағы бір күрегінен айырылған ауыл азаматтары бел асып, бекем басып кете бастаған. Қазір ауылда төрт отбасы ғана тұрады.

Диқан Қапарұлының айтуынша, олар азды-көпті малын өсіріп, ауыл маңындағы фазендаларда тұрады. «Олар ауылдың отын сөндірмей, әлі күнге дейін сақтап келеді» деп есептейді.

УРБАНИЗАЦИЯ ӘСЕРІ

Бүгінде әлем халқының 55 пайызы урбан қалаларда тұрады. БҰҰ болжамына сәйкес, қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 68 пайызға жетеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш межедегі жылға дейін 69,1 пайыз болады деп болжанып отыр. Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстандағы урбандалудың негізгі күші инвестициялық толқындар мен қаржының қалаға шоғырлануында дейді. 

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы жолдауында “Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсіл урбанизация үдерісін басқаруға, «миграция толқынын» кезең-кезеңмен жүргізуге, ірі қалалардағы халықтың ты­ғыз орналасуы мен әлеуметтік шиеленіс мәселелерін шешуге мүмкіндік береді” деген. 

Ekonomist.kz сарапшысы Серік Жақсылықов биліктің бұл бағдарын күтпеген бетбұрыс деп бағалаған. 

Экономист Ысқақов ауылдан адамдардың кетуі елдегі еңбек нарығына әсер етпей қоймайтынын айтты.