Паралимпиада жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан сыйақы әлі берілмеген
Спортшыларға мемлекет тарапынан уәде етілген сыйақы әлі берілмеген
Биылғы Париж паралимпиада ойындарының чемпионы, парадзюдошы Ақмарал Науатбек тележүргізуші Динара Сәтжанның Late Night Show жобасында қонақ болды. Бағдарлама барысында параспортшы мемлекет тарапынан белгіленген сыйақыны әлі алмағанын айтты, деп Dopmedia.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Динара Сәтжан параспортшымен сұхбат барысында оның алтын медаль иеленгені үшін қандай сыйлықтар алғанын сұрады. Ең алдымен Ақмарал Науатбек туған жері Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімдігі 5 млн теңге көлемінде сыйақы бергенін атап өтті.
Одан кейін параспортшыға Астана қаласының әкімдігі 3 бөлмелі пәтер сыйлағаны белгілі болды. Бірақ пәтердің кілті әлі берілмеген.
Одан бөлек спортшыға 30 млн теңге берілген.
Динара Сәтжанның алтын медаль үшін мемлекет беруі тиіс 250 мың доллар туралы сауалына жауап берген Ақмарал бұл сыйақыны әлі алмағанын айтты.
Айта кетейік, Паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында өткен болатын.