Дөп

Мұнайлы өлке Маңғыстауда газ тапшылығы басталды

Батыс аймақтағы мұнай мен газ мәселесі ушығып жатыр

Беріге дейін жүздеген жылдар өтсе де қоры сарқылмайтындай көрінген қазақ мұнайына қатысты мәселелер туындап жатыр. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

20 қазан шамасынан бастап елдегі мұнайлы мекен саналатын Маңғыстауда автогаз тапшы бола бастады. Көлік жүргізушілері ұзын-сонар кезек күтіп, проблеманың аяқ асты неден туындағанын түсіне алмаған еді. Сөйтсек, тапшылық тек Маңғыстауда емес, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысында да басталғаны мәлім болды. Әйтеуір аталған өңірдегі жүргізушілер автогаз таппай 1 аптадан артық сенделді.

Көп өтпей Энергетика министрлігі ресми түрде тапшылық барын растап, қосымша 1,2 мың тонна автогаз жөнелтіп жатқанын хабарлаған. Дегенмен ведомство мәлімдемесінен ерекше бір қынжылыс байқалды. Қазақстанның ішкі нарығына автогаз жеткізе алмай отырғанын мойындаған министрлік елде сұйытылған газға сұраныс жылдан-жылға артып жатқанын тағы қайталапты.

Мәселен, ресми мәлімет бойынша 2023 жылы жылы сұйылтылған газға сұраныс 14 пайызға өсіп, 2,2 млн тоннаға жеткен. Ал газбен жүретін көлік қатары кейінгі үш жылда 1,5 есе көбейді. 2021 жылы газбен жүретін 313 мың көлік есепке алынса, қазір 582 мыңға жеткен. Мұның сыртында тіркелмеген көліктер бар. Осыны тілге тиек еткендер сұйытылған мұнай газының бағасы ішкі нарықта төмен екенін тағы да күн тәртібіне шығарды.

Әрине, бұл айта-айта жауыр болған тақырып. Дегенмен бір назар аударар тұс – қазан айының басында, Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айға жөндеуге жабылатын кезде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "Қазақстанда мұнай өнімдеріне тапшылық болмайды" деп жария еткен. Іс жүзінде олай болмай шықты. Жиі жөнделе беретін зауыттардың бірі жабылса, елдің келесі бір аймағында тапшылық сезіле қалатын жағдай ұмытылмапты.

Арагідік тапшылық көрінетіні болмаса, қазір жағдай тұрақты екені рас. Биыл жазда Энергетика министрлігі Қазақстанда 2030 жылға қарай бензин мен дизель отынының үлкен тапшылығы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бензин тапшылығы 1,7 млн тоннаға, дизельдік отын – 2 млн тоннадан 4 млн тоннаға, авиакеросин – 0,4 млн тоннадан 0,6 млн тоннаға жететіні болжанған. Ал мұнай өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасында елдегі зауыттардың шамасы әлемдік деңгейдегі мұнай өңдеу зауыттарынан тым төмен екені, ысырабы мол болатыны жазылған. Дегенмен ол кезеңге жетпей-ақ қазір еліміз ондаған млн тонналап экспорттап жатқан мұнайдың өзіне зар болатындай. Өйткені шамамен алдағы 7 жылдан кейін мұнай өңдеу зауыттары шикізатқа мұқтаж болатыны болжануда.