Дөп

Талғарда Хэллоуинді тойлаған балабақша ата-аналардың ашуын туғызды

Ата-аналардың айтуынша, бұл бүлдіршіндердің санасын улау

Талғарлық ата-ана балабақшада Хэллоуин мерекесін атап өтуге наразылық білдірді, деп Dopmedia.kz тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның пікірінше, бұл мереке балалардың тәрбиесіне кері әсер етеді. Мәселеге орай балабақша өкілдері мұны «тек қызықты костюм кеші» деп түсіндіреді.

Талғар ауданындағы жекеменшік балабақшада ата-ана Хэллоуин мерекесіне қатысты өткізілуі тиіс шараға қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде наразылығын жария етті. Жазбаға сәйкес, ол өз баласын қоғамға бейімдеп, білім беретін орта ретінде балабақшаға апарғанын, алайда Хэллоуин сияқты батыстық мерекелерді өткізу баланың санасын улау екенін айтады.

Бұл жайтқа байланысты балабақша меңгерушісі де өз пікірін білдірді. Ол шараның тек костюм киіп, пицца жасау — мастер-класынан тұратынын және ешқандай идеологиялық мақсатты көздемейтінін түсіндірді. Ол бұл мерекені ұйымдастырудағы басты мақсат — балаларға көңіл көтеретін сәттер сыйлау екенін айтты.

Талғар аудандық білім бөлімі бұл мәселе бойынша ресми мәлімдеме жасап, оқу-тәрбие жоспарында Хэллоуин мерекесінің жоқ екенін, бұл жекеменшік балабақшаның өз бастамасы екенін атап өтті.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Сайыров белгілі бір шектеулер қойылуы қажет екенін атап өтті.