Футбол

ALAŇ жобасы: ҚФФ келесі аптада қанша алаңды табыстайды?

ҚФФ мұрындық болған ALAŇ жобасы аяқталуға жақын

Республикамыздың өңірлерінде Қазақстан футбол федерациясының футбол алаңдарын жаңарту бойынша жүзеге асырып жатқан ALAŇ жобасы аяқталуға жақын. Келесі аптада өңделген алаңдар Қызылорда, Ақмола, Қарағанды облыстарында қолданысқа беріледі. Қазіргі сәтте республикамыздағы 10 футбол алаңында (Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш қалалалары мен Жетісу облысындағы Балпық би ауылы) жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

5 қараша күні Қызылорда қаласында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда жаңартылған қосалқы алаңның ашылуы өтеді. Ал 7 қарашада Атбасар қаласындағы «Локомотив» стадионындағы жаңа алаң табысталса, 8 қарашада Саран қаласындағы «Сұнқар» стадионы беріледі. Барлық шараларда облыс басшылары, ҚФФ мен футбол аңыздары қатысып, футбол фестивалі ұйымдастырылады.

Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы, ал мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

Айта кетейік, құрылыс барысы және жоба жайлы толығырақ ALAÑ-ның YouTube арнасынан көре аласыздар. Ол жерде жобаның күнделігі шығып тұрады. Кезекті жаңа шығарылым Ақсу қаласындағы «Достық» стадионы алаңының ашылуына арналған.