Бокс

Қазақ боксындағы тарихи жетістік

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Финалдық кездесулер екі күнге созылады.

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Финалдық кездесулер екі күнге созылады. Алғашқы күні-ақ қазақстандық қыз-жігіттер тарихи нәтиже тіркеді. Олар 3 бірдей алтын жеңіп алды. Бұған дейінгі ең жоғарғы көрсеткішіміз 2 алтын болатын. Оны ұлттық құрама өкілдері 2018 жылы Будапештте өткен әлемдік аламанда тіркеді.  Ал, Будва қаласындағы дүниежүзілік додада 3 бірдей спортшымыз чемпион атанып, рекорд жаңартты. 

Атап айтар болсақ, қазақстандық спортшылар арасынан ең бірінші болып шаршы алаңға 67 келідегі ұлттық құрама капиатаны Төрехан Сабырхан көтерілді. Ол кубалық Дэвид Эспиносаны жеңді. Еске сала кетейік, Төрехан 
алғашқы айналымда Черногрия боксшысымен кездесуі керек еді. Ол жекпе-жектен бас тартты. Әрі қарай шымкенттік өрен Ауғанстан (5:0), Өзбекстан (5:0) және Қытай (5:0) боксшыларынан басым түсті.

Артынша жеңіс жолын 75 келідегі Санжарәлі Бегалиев жалғады. Ол  финалда өзбекстандық Джафарбек Шахбазовпен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Тіпті, кездесу ортасында қарсыласын есеңгіретіп, төреші нокдаун ашты. Әлемдік аламанның іріктеу кезеңдерінде Санжарәлі Румыния (5:0), Болгария (5:0),  Куба (4:1) және Польша (3:2) спортшыларын жеңді.Осылайша ұлттық құрама қоржынына екінші алтынды салды. 

Тағы бір қазақстандық  Аружан Зейноллаева да әлем чемпионы атанды. Ол финалда өзбекстандық Рухшона Парпиеваны айқын басымдықпен жеңді.
81 келіде өнер көрсететін Аружан алғашқы айналымдарда Ресей (5:0) және Польша (4:1) боксшыларын қапы қалдырып, ақтық сынға өткен болатын. Осылайша ол да алтын жүлдеге қол созып, отандық бокс тарихын жаңғыртуға үлесін қосты. 

Алда тағы бір жарыс күні бар. Яғни, тағы 4 қазақстандық боксшы алтынға таласады. Атап айтқанда,  51 келідегі  Бексұлтан Боранбек колумбиялық Джастин Мореномен кездесті. 71 келідегі Өнер Сейілхан ресейлік Алексей Гуковпен жолығады. Ал, қыздар арасында 50 келідегі  Елянұр Тұрғанова бейтарап тудың астында өнер көрсетіп жатқан боксшымен, ал, 66 келідегі Ұлдана Таубай ирланиялық боксшымен жұдырықтасады.