"Шерзат ісі" бойынша ұсталғандар тергеуде шешіліп сөйлей бастаған Фото: Dala Inside

Полиция осыдан үш жыл бұрынғы істі архивтен аршып алды

 Атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды. Полиция осыдан үш жыл бұрынғы істі архивтен аршып алды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.

"Хутор" ОПГ-сымен байланысы бар делінген Хасан Қасымбаев ұсталды. Алматы облыстық полиция департаменті Қасымбаевты  2021 жылы жасалған қылмыс бойынша құрықтағанын хабарлады.

Департамент мәліметінше, Қасымбаев А. есімді азаматқа қасақана ауыр зиян келтіріп, оны үптеп-түптеп кетті деген күдікке ілінген. Бұған дейін Orda порталына берген сұхбатында Қасымбаев "заң алдында кінәсіз екенін" айтып, ант-су ішкен еді.

Қасымбаевқа қатысты іс материалдары бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сотқа жолданған. Тергеу амалдары облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың өліміне қатысты бірқатар БАҚ Қасымбаевты "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланыстырған. Кейін Orda-ға сұхбат берген Хасан әлгі ОПГ-мен еш байланысы жоқ екенін, Шерзатты танымайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар, өзіне қарсы жасалған шабуылдың астары барын айтқан. Оның ойынша бұл істің артында белгілі бір күштер тұруы ғажап емес.

Қасымбаев неге қазір ғана ұсталды? 2021 жылы жасалған қылмыс бойынша күдіктіні үш жылдан кейін тұтқындау нені білдіреді?

"Шерзат ісі" бойынша ұсталғандар тергеуде шешіліп сөйлей бастаған. Шегінерге жер қалмағанын түсінген олар процессуалдық келісімге қол жеткізу үшін (жазасын жеңілдету) банданың ескі қылмыстарын да еске түсіруде.

Демек, жақын күндері атышулы Хасан мен онымен байланысты делінген "Хутор" ОПГ-на қатысты небір-небір инсайдтар тарайын деп тұр.

Талғардағы әкімдік, полиция және прокуратурадағы кадрлық тазалаудан кейін істің барысы да өзгере бастағандай әсер қалдырады. Әйтпесе бұған дейінгі полиция басшылығының Хасанға қатысты риторикасы бөлек еді.

"Шерзат ісі" бойынша ұсталғандардың сөйлей бастағаны расталса, полицияның үш жыл бұрынғы істі архивтен қайта аршып алуы логикалық жағынан ақылға сыйымды әрекет.

Дереккөз: DALA INSIDE.

    Көп оқылды: