Дөп

Марқұм Шерзаттың жақындары президент Тоқаевқа үндеу жасады

Шерзат Болаттың жақындары мемлекет басшысы Тоқаевқа үндеу жасады

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың жақындары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп Dopmedia.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі блогер Жан Ахмадиев марқұм Шерзат Болаттың қара шаңырағына барып, жақындарының уәжін тыңдап, әлеуметтік желідегі парақшасына олардың мемлекет басшысына жасаған үндеуін жариялады.

Марқұм Шерзаттың әжесі Жұмабике Нұрымова немересінің ісі жылы жабылып кете ме деп алаңдап отыр.

Марқұмның әпкесі куәгер ретінде қаралып жатқан екі әйелдің де жазаға тартылуын талап етуде.

Қазіргі таңда марқұм Шерзаттың жақындарының бір ғана тілегі бар. Олар істің ашық сотта қаралуын сұрап отыр.

Марқұмның әпкесі Бақыт Реймованың сөзінше, Шерзаттың әкесі мен анасының қазіргі жағдайы ауыр. Олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. 

Айта кетейік, бүгін мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасына байланысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Қазіргі уақытта іс бойынша 11 күдікті ұсталып, оларды күзетпен ұстау шарасы санкцияланған.