Тоқаев – теннис, Путин – дзюдо, Ердоған – футбол
Президенттер қандай спорт түрімен шұғылданады?
Өз қызметіндегі үлкен жауапкершілік пен қарбаласқа қарамастан, кейбір мемлекет басшылары спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Мәселен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстел теннисінен шебер екенін әлеуметтік желіде жарияланған фотосуреттерден, бейнематериалдардан көрген де шығарсыз. Сол секілді өзге елдің президенттері де спорттан алшақ емес екенін БАҚ немесе әлеуметтік желі арқылы әйгілеп жатады. Мемлекет басшылары қандай спортпен шұғылданатынына, олардың сүйікті спорт түрлеріне Dopmedia.kz тілшісі шолу жасайды.
Ресей президенті – Владимир Путин
Ресей президенті сан алуан спорт түріне қызығады: ол атқа міну, тау шаңғысы, хоккеймен шұғылданады. Дегенмен, оның шығыс жекпе-жегіне деген қызығушылығы ерекше. Владимир Путин шығыс жекпе-жегімен 11 жасынан бастап айналысқан, ал 20 жасында самбо мен дзюдодан спорт шебері атанды. Ресей президентінің басты әдісі – арқадан асыра лақтыру. Сонымен қатар, Путин – дзюдодан Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және каратэден қара белбеудің иегері. Кейбір дереккөздердің мәліметінше, ол жауапты қызметіне қарамастан, ол күн сайын спортзал мен бассейнге уақыт бөледі және салауатты өмір салтын насихаттауды өзінің маңызды міндеттерінің бірі деп санайды.
Түркия президенті – Режеп Тайып Ердоған
Түркия президенті футболға құмар. Бала күнінде ол алдымен мектеп командасының капитаны болды, содан кейін жергілікті «Қасымпаша» жартылай кәсіби футбол клубына ауысты. Достары оны неміс футбол жұлдызының атымен Имам Беккенбауэр деп те атаған. Ал бүгінде «Қасымпаша» стадионы Режеп Тайып Ердоғанның есімімен аталады.
Ердоғанның айтуынша, әкесі оның футбол ойнауына қарсы болған, керісінше сабағына көп көңіл бөлуді қалаған. Тіпті «Фенербахче» клубы Ердоғанмен арнайы келісімшарт жасауға тырысқан, бірақ әкесі орта жолдан трансферді бұзған.
Сондай-ақ осы жақында өткен Еуро-2024 турнирінде Ердоған Германияға арнайы барып, өз құрамасына жанкүйер болды.
АҚШ президенті – Джо Байден
Байден – спорттың үлкен жанкүйері, бірақ ол АҚШ-та танымал спорт түрлеріне қызығады. Нақтырақ айтар болсақ, америкалық футбол мен бейсболға қызығады, сондай-ақ осы спорт түрлерінен Филадельфия штатының командаларына жанкүйер. Америкалық футбол мен бейсболға деген қызығушылық атасынан сіңген қасиет деседі.
Қытай президенті – Си Цзиньпин
Қытай президентінің сүйікті спорты туралы әлеуметтік желіде айтарлықтай мағлұмат жоқ. Бірақ 2014 жылы 15 тамызда Қытайдың Нанкин қаласында орналасқан Олимпиада кешенінің жаттығу орталығында Қытай президенті жасөспірімдер Олимпиадасына дайындалып жатқан спортшыларға арнайы барған болатын. Сол кезде Си Цзиньпин:
Қытай президентінің бұл сөзінен бокстан алшақ емес екенін байқауға болады.
Қырғызстан президенті – Садыр Жапаров
Садыр Жапаровтың сүйікті спорты – футбол. Әлеуметтік желідегі фотосуреттерден Қырғызстан президентінің футболға деген махаббаты ерекше екенін көруге болады. Былтыр «Барселона» футбол клубының академиясының Қырғызстандағы ашылу салтанатында да әлем жұлдыздарымен қатар доп тепкен президент көпшілікті таңғалдырған.
Ал өзінің кезекті бір сұқбатында Садыр Жапаров қазіргі уақытта футболға аса көп уақыт бөле алмай жүргенін, бүгінде жүзумен айналысатынын айтты.
Франция президенті – Эммануэль Макрон
Бос уақытында Франция президенті әйелі мен балаларымен бірге велосеруен ұйымдастырады, Альпі мен Пиренейде шаңғы тепкенді ұнатады. Сондай-ақ ол футбол мен боксқа әуес. Оның тіпті Франция футбол федерациясы берген арнайы лицензиясы болды. Осы құжатқа сәйкес, саясаткер Париждің аймақтық лигасында өнер көрсететін «Л'Эна» клубында ойнауға мүмкіндігі бар.
Эммануэль Макронның футболдағы позициясы – сол қапталдағы қорғаушы. Ол 2006/07 жылғы маусымда аталмыш клубта аз-кем ойнаған. Бірақ осыдан кейін ол өзінің күші мен энергиясын саясатқа толыққанды арнағысы келді. Алайда президент футболдан Франция ұлттық құрамасының халықаралық аренадағы ойындарына жиі барып, жанкүйерлік етеді. 2018 жылғы әлем чемпионатының финалына Эммануэль Макрон арнайы келіп, құрамамен бірге чемпиондықты тойлаған.
Қазақстан президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев
Әлеуметтік желіден Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстел теннисін ойнап жатқан бейнелерін көрген болуыңыз мүмкін. Қазақстан президенті дәл осы спорт түрін ұнатады. Жас күнінде Тоқаев үстел теннисінен КСРО спорт шеберіне үміткер болды. Сыныптасы Андрей Антоненко:
Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылға жуық Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды (2016 жылдың желтоқсанынан – 2018 жылдың маусымына дейін). Осы кезеңде Қазақстанда ITTF World Tour Grand Finals халықаралық үстел теннисі федерациясының басты турнирлерінің бірі өткізілген болатын.
Тіпті әлеуметтік желіде Режеп Тайып Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың теннис ойнап жатқан суреттері жарияланған.