Жаңалықтар

Асу Алмабаев әлемнің үздік 15 файтерінің қатарына енді

Асу Алмабаев UFC-дің үздіктерінің қатарына жайғасты

Қазақстандық файтер Асу Алмабаев UFC промоушенінің жеңіл салмақ дәрежесі бойынша түзілген рейтингтің 15-сатысына көтерілді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

UFC-дің жаңартылған рейтингінде қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев қытайлық спортшы Су Мудаержимен қатар 15-орынға жайғасты. Ал осы жеңіл салмақтағы дивизионды чемпион Александр Пантожа тізгіндеп тұрса, одан кейінгі орындарға Брэндон Ройвал, Брэндон Морено, Амир Альбази, Кай Кара Фрэнс және Татсуро Таира секілді спортшылар жайғасқан.

Айта кетелік, Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін 16 маусым күні АҚШ-тағы UFC on ESPN 58 турнирінде өткізген болатын. Ол тұңғыш рет UFC-дің басты кардында жұдырықтасты. Үш раундқа созылған жекпе-жекте Алмабаев америкалық спортшы Хосе Джонсоннан төрешілердің шешімімен басым түсті. Осылайша қазақстандық спортшы MMA-дағы өзінің 20-жеңісіне, ал UFC-дегі 3-жеңісіне қол жеткізді.