Бас бапкер боксшылардың Олимпиадаға дайындығы туралы айтты
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркістан облысында орналасқан "Алма-тау" спорт базасында Париж Олимпиадасы қарсаңындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас бапкер Мырзағали Айтжанов боксшылардың Олимпиадаға дайын екенін, қазіргі уақытта тыңғылықты даярлық жүргізіп жатқанын жеткізді.
"Қазір менен командадада фаворит кім деп сұрап жатқандар көп. Олимпиада алдында боксшыларды дәл бұлай бөлуге болмайды. Себебі, Олимпиаданың рухы бөлек. Бұл жарыс басқа бәсекелермен тең келмейді. Сондықтан, олимп шыңына ең мықты деген спортшылар шығады.
Біздің құрамадағы жігіттердің бәрі жақсы. Ешкім Олимпиадаға жеңілемін деп бармайды. Оның үстіне, салмақ дәрежелері де аз, жетеу ғана.
Біз жеңісті дәстүрімізді қайта жалғастырып, Париж төрінде жанкүйерлерді қуантамыз деп сенемін. Қазір командада төрт әлем чемпионаты, екі Олимпиада жүлдегері бар. Барлық жігіттер тәжірибелі. Енді тәжірибесін шеберлікпен ұштастырып, Олимпиадада жақсы өнер көрсету ғана қалды", – дейді бас бапкер.
Айта кетелік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция астанасында өтетін Олимпиада ойындарына бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 к) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 кг) қорғайды.