Асу Алмабаев қазан айында жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты
UFC промоушенінде өнер көрсететін қазақстандық жауынгер Асу Алмабаев келесі жекпе-жегінің қашан және кіммен өтетіндігі туралы Вести Спорта YouTube арнасына берген сұқбатында айтты. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев келесі жекпе-жегін қашан және кіммен өткізгісі келетінін айтты. Файтердің айтуынша, келесі жекпе-жекті ұзақ күтудің қисыны жоқ.
"Мен келесі жекпе-жегімді қазан айында өткізгім келеді. Көп күтудің қажеті жоқ, қазіргі уақытта ешқандай жарақатым жоқ. Мен күнделікті жаттығуыма кірістім. Егер UFC келесі жекпе-жекке ұсыныс жасаса, мен бірден қабыл аламын. Қазіргі таңда рейтингтің екінші сатысында тұрған Брэндон Ройвалмен, сондай-ақ үздік бестікті түйіндеп тұрған Татсуро Таирмен кездескім келеді. Бірақ қазір менің айтқаныммен бәрі бола қалмайды. UFC маған қандай қарсыласты ұсынса да, мен жекпе-жекке шығамын", – деді Асу Алмабаев.
Асу Алмабаев UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 2023 жылдың тамызында өткізген. Бірінші жекпе-жегінде қазақстандық файтер америкалық Оди Осборнмен (12-7) кездесіп, жеңіске жетті. Содан кейінгі кездесулерінде Асу Алмабаев Си Джей Вергару (12-5-1) мен Хосе Джонсоннан (16-9) басым түскен болатын. Сондай-ақ жақында Асу Алмабаев UFC-дегі үздік 15 файтердің қатарына кірген болатын.