Қазақстан Олимпиадада қанша медаль алады: суперкомпьютер болжады
Gracenote суперкомпьютері Қазақстан байрақты бәсекеде қанша медальді еншілейтінін анықтады
Gracenote суперкомпьютері Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің құрамасы қанша медаль еншілейтінін болжады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Суперкомпьютердің есебіне сүйенетін болсақ, бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 10 медальді қанжығасына байлайды. Қазақстандық спортшылар 2 алтын, 3 күміс, 5 қолаға қол жеткізіп, жалпы есепте 29-орынды місе тұтуы мүмкін.
Gracenote суперкомпьютері төртжылдықтың басты бәсекесінде АҚШ құрамасы 39 алтын, 32 күміс, 41 қола жүлде еншілеп, 112 медальмен көш бастайды деп болжады. Ал Қытай 34 алтын, 27 күміс, 25 қола еншілеп, екінші орынға жайғасса, үздік үштікті Ұлыбритания (17-20-26) түйіндейді деп болжанды.
Айта кетейік, бұл суперкомпьютер осы болжамдарды спортшылардың Токио Олимпиадасындағы нәтижесіне сүйене отырып жасады. Токиода өткен додада Қазақстан құрамасы 8 қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 83-орынға жайғасқан болатын.
Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан намысын 25 спорт түрінен 80 спортшы қорғайды.