Қазақстанның үздік футболшысы Адиевтің командасына ауысады
Максим Самородов грозныйлық клубтың қатарын толықтырады
"Инсайды от Карпа" Telegram арнасы футболдан Қазақстан құрамасының және "Ақтөбенің" үздік ойыншыларының бірі Максим Самородовтың грозныйлық "Ахмат" клубына ауысу мүмкіндігі жоғары екенін мәлімдейді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.
Инсайдер команданың әлеуеті мен жақын арада клуб құрамын толықтыратын футболшылар жайлы пікір білдірді.
"Команда қатарына қосылып үлгергендер: Луна (14 матчта 2 гол, 2 пас), Жиров (тәжірибелі орталық қорғаушы), Адамов ("Урал" сапында сәтті маусым өткізді). Ал жақын арада команда қатарын Исмаэл мен Кардосу және Самородов толықтырады деп күтілуде", – деп жазды "Инсайды от Карпа" Telegram арнасы.
Естеріңізге сала кетейік, Максим Самородов "Ақтөбе" сапында 2019 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 94 матчқа қатысып, 18 гол соққан. 2021 жылдан бастап ол Қазақстан құрамасында ойнайды: ұлттық құрамада 17 матч өткізіп, үш гол соқты.
Айта кетейік, "Ахмат" футбол клубын биылдан бастап Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Магомед Адиев баптайды.