Жаңалықтар

Олимпиадада ел қоржынына алғашқы жүлдені салған спортшылар

Олимпиадада ең алғашқы жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар

Франция астанасы Парижде өтетін XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Бұл байрақты бәсеке егемен еліміздің тарихындағы сегізінші Олимпиада саналады. Осыған байлаысты Dopmedia.kz тілшісі бұған дейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында алғаш болып ел қоржынына жүлде салған спортшыларға шолу жасады.

Атланта Олимпиадасы – 1996

Бұл додада грек-рим күресінен Юрий Мельниченко ел қоржынына жүлде сыйлады. Ол бұл Олимпиадасында алтыннан алқа таққан болатын.

Сидней Олимпиадасы – 2000

Сиднейде өткен байрақты бәсекеде велошабандоз Александр Винокуров алғашқы жүлдені жеңіп алды. Велошабандоз бұл Олимпиадада күміс медальге қол жеткізді.

Афина Олимпиадасы – 2004

Афина төрінде өнер көрсеткен Сергей Филимонов ауыр атлетикадан ел қоржынына жүлде салды. Ол өз салмағында күміс жүлдені еншіледі.

Бейжің Олимпиадасы – 2008

Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында балуан Нұрбақыт Теңізбаев грек-рим күресінен сынға түсіп, күміс жүлдеге қол созған. 

Лондон Олимпиадасы – 2012

Лондонда өткен бәсекеде жарыстың бірінші күні велошабандоз Александр Винокуров жеңіске жетіп, алтыннан алқа таққан болатын.

Рио Олимпиадасы – 2016

Риода алғашқы жүлдені дзюдодан Галбадрах Отгонцэцэг еншіледі. Ол Рио Олимпиадасының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Токио Олимпиадасы – 2021

Токио Олимпиадасында алғаш болып жүлдеге қол созған дзюдошы Елдос Сметов болды. Ол байрақты бәсекеде қола жүлдені еншіледі.

Айта кетелік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Бұл бәсекенің де алғашқы күнінде дзюдодан Абиба Әбужақынова (48 кг) мен Елдос Сметов (60 кг) жүлдеге таласады.