Жаңалықтар

Париж Олимпиадасы жанкүйерлерді несімен баурап алады?

Байрақты бәсекенің басты ерекшелігі неде?

Париж Олимпиадасының ресми ашылу салтанатына бір күн қалды. Биылғы байрақты бәсеке жанкүйерлер үшін ерекше болары сөзсіз. Себебі бұрын-соңды болмаған жаңалықтар Париждегі доданың көркін қыздырары сөзсіз, деп Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Араға 100 жыл салып Олимпиада ойындары Парижде өтеді

Париж биыл үшінші рет жазғы Олимпиада ойындарын өткізгелі жатыр. Бұған дейін төртжылдыңтың басты бәсекесін тек Лондон ғана үш рет өткізген болатын (1908, 1948, 2012).

Алғаш 1900 жылы Париж Олимпиада ойындарын қабылдады. Ал 1924 жылы Париж төрінде тағы бір мәрте Олимпиада алауы жағылды. Араға 100 жыл салып, биыл Франция астанасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар байрақты бәсеке көркін қыздырады.

Айта кетуіміз керек, биылғы жазғы Олимпиада ойындары аясында өтетін жарыстар тек Парижде ғана емес, оның маңында орналасқан қалаларда да болады.

Бұрын-соңды болмаған ашылу салтанаты

Ашылу салтанаты – Олимпиаданың ең маңызды шараларының бірі. Парижде өтетін додада ұйымдастырушылар бұл шараға ерекше дайындалып жатыр. Алғаш рет қатысушы елдердің спортшылары стадион арқылы емес, Сена өзенінде қайықта жүзіп өтеді.

Бағыттың жалпы қашықтығы – 6 км. 206 елден келген 10 500 спортшыны тасымалдау үшін 80 қайық тартылған.

Ал негізгі ресми іс-шаралар Сена өзеніндегі шеру аяқталғаннан кейін Эйфель мұнарасының жанындағы Трокадеро бақтарында өтеді. ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарын Франция президенті Эммануэль Макрон салтанатты түрде ашады.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты Астана уақыты бойынша сағат 22:30-да басталады.

Жастар жарысы немесе жаңа бәсекелер

Олимпиада ойындарында алғаш рет биден, яғни брейкинг бойынша жарыстар өтеді.

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2018 жылы Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында осы спорт түрін енгізген болатын. Нәтижесінде өз жемісін беріп, көпшіліктің көңілінен шығып, брейк-данс Париж Олимпиадасына да еніп отыр.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жарысқа жастарды көбірек тарту мақсатында басқа да спорт түрлерін енгізді.

Токио Олимпиадасының ресми бағдарламасына енген серфинг, скейтбординг және құзға өрмелеу спорт түрлері Парижде де ұйымдастырылады. ХОК-тың ресми мәліметіне сүйенетін болсақ, құзға өрмелеу бәсекесіне қатысатын спортшылардың 39%-ы 18 жасқа толмаған.

Тұңғыш рет Олимпиадада ерлер мен әйелдердің саны теңеседі

1900 жылғы жазғы Олимпиададан бастап әйелдер байрақты бәсекеге қатыса бастады. Бұл додаға қатысушы әйел адамдардың саны 13 болған.

Биылғы Париж Олимпиадасында тұңғыш рет ерлер мен әйелдердің саны бірдей болмақ.

ХОК-тың мәліметіне сүйенетін болсақ, Токио Олимпиадасына (2021) қатысқан әйел адамдардың үлесі – 48,8% болса, Рио Олимпиадасындағы (2016) үлесі – 45,6% болды.