Күрес

Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынованың келесі қарсыластары кім?

Жүлдеге таласта қазақстандық дзюдошылар кіммен белдеседі?

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиад ойындары аясында дзюдо бәсекелері басталды. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Дзюдодан ерлер арасында 60 кг салмақ дәрежесіндегі негізгі белдесулер өз мәресіне жетіп, жартылай финал мен финалдық кездесулер қалды. Бұл салмақ дәрежесінде бақ сынайтын отандасымыз Елдос Сметов жартылай финалда испаниялық Франциско Гарригоспен кездеседі. Ал екінші жартылай финалдық жұпта түрік Салық Йылдыз бен франциялық Лука Мхедзе өз ара мықтыны анықтайды.

Сондай-ақ әйелдер арасында 48 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін тағы бір отандасымыз Әбиба Әбужақынова қола медаль үшін сынға түседі. Ол жарыстың ширек финалында испаниялық Лаура Мартинеске есе жіберіп қойған болатын. Енді қазақстандық спортшы жұбаныш белдесуінде парагвайлық Габриэлла Нарваезбен белдеседі. Егер бұл белдесуде қазақстандық дзюдошы жеңіске жетсе, қола медаль үшін бақ сынайды.

Естеріңізге сала кетейік, Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынованың белдесулері бүгін, 27 шілдеде сағат 19:00-де басталады. Qazaqstan, Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.