Ерлер

Черчесовтің жаңа жаттықтырушылар тобы: құраманы кімдер басқармақ?

Станислав Черчесовтің жаңа жаттықтырушылар штабы туралы не білеміз?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің жаттықтырушылар штабында қандай мамандардың қызмет атқаратыны анықталды. Станислав Черчесовпен бірге бұған дейін Ресей ұлттық құрамасында қызмет атқарған мамандар енді Қазақстан ұлттық құрамасын баптайтын болады, деп Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Қыркүйек айында футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы матчтарын өткізезді. Бұл ойындарға бір ай уақыт қалғанда, Станислав Черчесовтің жаттықтырушылар штабында қандай жандардың жұмыс істейтіні белгілі болды.

Владимир Паников – бас бапкердің ассистенті

Владимир Паников 1969 жылдың 14 қарашасында Ресейдің Воскресенск қаласында дүниеге келген.

Оның Қазақстанға тікелей қатысы бар. 2009 жылы «Локомотив» (Астана) клубында Сергей Юранның штабында физикалық дайындық бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Ал 2010 жылы ол испаниялық маман Паулино Гранеромен бірге ресейілк «ЦСКА» клубында физиотерапевт болған.

2010 жылдың желтоқсан айында ол «Жемчужина-Сочи» клубында Станислав Черчесовтің жаттықтырушылар штабына кірді. Кейінірек Черчесов жетекшілік еткен «Терек» (2011-2013), «Амкар» (2013-2014), «Динамо» (2014-2015) секілді премьер-лига клубтарында дене дайындығы бойынша жаттықтырушы болды. Сондай-ақ 2015/16 жылғы маусымда ол Станислав Черчесов баптайтын «Легия» (Польша) клубындағы жаттықтырушылар құрамында болды.

2016 жылдың тамыз айында ол футболдан Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің жаттықтырушылар штабына кірді. 2018 жылғы әлем чемпионатында Черчесовпен бірге жұмыс істеген.

Бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасында бас бапкердің ассистенті қызметін Руслан Балтиев, Евгений Коструб, Арслан Халимбеков атқарған.

Стауче Гинтарас – қақпашылардың жаттықтырушысы

Стауче Гинтарас – 1969 жылдың 24 желтоқсанында Литваның Алитус қаласында дүниеге келген.

Вильнюс қаласының «Жальгирис» клубының түлегі. 1988 жылы мәскеулік «Спартак» командасының дублінде ойнады. 1992-1994 жылдары Ресей чемпионатында 32 матч өткізді, Станислав Черчесовтен кейінгі екінші қақпашы болды. Түркияның «Галатасарай» (1994-1995), «Каршияка» (1995-1996), «Сарыер» (1996-1997) клубтарында, Германияның «Дуйсбург» (1997-2001), Грекияның «Акратитос» (2001-2002), «Фостирас» (2002-2003), «Калитея» (2003-2004) клубтарында және Латвияның «Юрмала» (2004-2006) командасында ойнады, сонымен қатар «Юрмала» клубында қақпашылардың жаттықтырушысы болды.

2007 жылдан бастап Станислав Черчесовтің штабына қақпашылар жаттықтырушысы ретінде қосылды. Ол мәскеулік «Спартак» (2007-2009), «Жемчужина-Сочи» (2010-2011), «Терек» (2011-2013), «Амкар» (2013-2014), мәскеулік «Динамо» (2014-2015), «Легия» (2015-2016) клубтарында және Ресей құрамасында (2016-2021) жұмыс істеді.

Бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасында бас қақпашылардың жаттықтырушысы қызметін Валерий Ситало атқарған.

Паулино Гранеро – физикалық дайындық бойынша жаттықтырушы

Паулино Гранеро – 1970 жылдың 17 ақпанында Испания Алмерия қаласында дүниеге келген.

Ол испаниялық «Бетис» (2008-2010), мәскеулік «ЦСКА» (2010-2018, 2019-2020), венгриялық «Ференцварош» клубтарында, сондай-ақ Ресей ұлттық құрамасында (2015-2020) физикалық дайындық бойынша бапкер болған.

Испаниялық маман Станислав Черчесовпен «Ференцварош» клубы мен Ресей құрамасында етене қызмет атқарған.

Эдуард Цгоев – дәрігер

Эдуард Цгоев – 1959 жылдың 28 ақпанында дүниеге келген.

«Терек» (2012-2013), «Амкар» (2014-2015) мәскеулік «Динамо» (2014-2015) клубтарында дәрігер болған. 2016 жылдан бері футболдан Ресей ұлттық құрамасының дәрігер болып қызмет атқарған.

Ресейлік маман жоғарыда аталған клубтар мен құрамаларда Станислав Черчесовпен бірге қызмет еткен.