Ерлер

7 гол, 1 қызыл қағаз, пенальти сериясы: "Ордабасы" өз алаңында әбігерге түсті

"Ордабасы" – "Дифферданж" клубтарының матчы қалай өтті?

УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында шымкенттік "Ордабасы" клубы люксембургтік "Дифферданж" клубына қарсы кездесу өткізді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Ойынның 2-минутында люксембургтік ұжымның ойыншысы Гильом Трани есепті ашты. Матчтың 24-минутында "Дифферданж" командасының футболшысы Тео Бруско өз қақпасына автогол соғып алды.

55-минутта Асхат Тағыберген шымкенттіктерді алға шығарса, 59-минутта "Дифферданждың" ойыншысы Жоржиньо есепті теңестіріп кетті. Ал ойынның 82-минутында Всеволод Садовский қақпадан саңылау тауып, гол соқты.

Негізгі уақытта есеп 3:2 есебімен шымкенттіктердің пайдасына аяқталғанымен, екі ойынның нәтижесі (бірінші матчтағы нәтиже – 0:1) бойынша матч қосымша уақытқа ұласты. 

Ойынның 117-минутында "Ордабасы" ойыншысы Сағадат Тұрсынбай пенальтиді мүлтіксіз орындап, есепті 4:2-ге жеткізсе, араға 3 минут салып қарсылас команданың ойыншысы Жоржиньо бұл матчтағы екінші голын соқты. Екі ойынның нәтижесінде ойын пенальти сериясына ұласты. 

Пенальти сериясының нәтижесі бойынша шымкенттіктер 4:3 есебімен жеңіске жетіп, УЕФА Конференция лигасының келесі кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, матчтың 115-минутында люксембургтік ұжымның футболшысы Леандро қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.