Голы есепке алынбады, алаңнан қуылды: Оразов еурокубокта өнер көрсетті
Рамазан Оразов екінші таймда алаңға қосылды
Қазақстандық футболшы Рамазан Оразов өнер көрсететін даниялық "Силькеборг" футбол клубы УЕФА Еуропа лигасындағы жорығын аяқтады. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.
УЕФА Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде даниялық "Силькеборг" клубы өз алаңында норвегиялық "Мольде" командасын 3:2 есебімен жеңгенімен, екі ойынның қорытындысы бойынша қарсыласына жол берді. Қос команда арасындағы бірінші кездесу 1:3 есебімен аяқталған еді.
Қазақстандық футболшы Рамазан Оразов 73-минутта ойынға қосылып, екі минуттан кейін гол соққанымен, ол офсайд деп танылып, есепке алынбады. Ал 78-минутта қазақстандық футболшы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Рамазан Оразов осы жазда "Силькеборг" клубына ауысып, 2027 жылдың 30 маусымына дейін келісімшартқа отырған. Бұл оның мансабындағы төртінші шетелдік клубы. Бұған дейін ол Ресейдің "Чайка" клубында, Латвияның "Даугавпилс" клубында және Словенияның "Копер" клубында өнер көрсеткен. Қазақстанда "Кайрат", "Актобе", "Ақсу" және "Тобыл" клубтарында доп тепкен.