Қазақстанның үш дүркін чемпионының мансабына қауіп төніп тұр
Ол ұзақ мерзімді дисквалификация алуы мүмкін
"SD Family" командасының жартылай қорғаушысы Султан Сагнаевқа ұзақ мерзімді дисквалификация қаупі төніп тұр, деп Dopmedia.kz тілшісі Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Бірінші лиганың 18-турындағы "Алтай" мен "SD Family" (2:2) арасындағы матчтың соңғы минуттарында орын алды. Қонақтар екінші қосымша минутта екінші гол жіберіп, жеңісті қолдан шығарып алғаннан кейін, "SD Family" жартылай қорғаушысы Султан Сагнаев резервтік төреші Асылан Меирбаевқа боқтық сөздер айтып, кейін алаңнан қуылған соң бас төреші Жақсылық Сейдахметовты ұрды.
Жастар құрамасының бұрынғы ойыншысы Султан Сагнаев екі эпизод бойынша ұзақ мерзімді дисквалификацияға ұшырауы мүмкін. Бұл эпизодтарда резервтік төрешіні балағаттау және өміріне қауіп төндіру, сондай-ақ бас төрешіні әдейі ұру әрекеттері орын алды.
Айта кетейік, Султан Сагнаев «Астана» командасының тәрбиеленушісі болып саналады. Футболшы үш мәрте Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан Суперкубогының иегері атанған.