Бес дүркін Олимпиада чемпионы аяқ-киімін сүйіп мансабын аяқтады
Грек-рим күрес шебері бозкілемде тұрып мансабын аяқтады
Кубалық грек-рим күрес шебері Михаин Лопес Нуньес Олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы атанып, спорттық мансабын аяқтайтынын жариялады. Бұл туралы Dopmedia.kz хабарлайды.
Парижде өткен Олимпиадада кубалық спортшы 130 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Бірінші кездесуде Лопес оңтүстіккореялық атлет Ли Сун Чанды 7:0 есебімен жеңді, ширек финалда ирандық Амин Мирзазадені 3:1 есебімен тізе бүктірді, ал жартылай финалда әзірбайжандық Сабах Шариатиді 4:1 есебімен жеңді.
Олимпиаданың грек-рим күресі бойынша финалында 41 жастағы спортшы Чили өкілі Ясмани Костуды 6:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Жеңісінен кейін аңызға айналған күрескер күрес аяқ киімін шешіп, оларды сүйіп, кілемнің ортасына қойып, мансабын аяқтағанын білдірді.
Михаин Лопес Нуньес Олимпиада ойындарының тарихындағы ең атақты күрескер атанды. Оның қоржынында бес алтын медаль бар (2008, 2012, 2016, 2020, 2024).