Қазақстан үшін Париж Олимпиадасы несімен есте қалды?
Ел есінде қалған, тарих бетіне қатталған Париж Олимпиадасы
12 тамызда Парижде өткен XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Бұл ойындар Қазақстан үшін үлкен мәнге ие болды, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Қазақстан делегациясы жалпыкомандалық медальдар есебінде 43-орынды иеленді. Біздің спортшылар бір алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Осы орайда біз бұл Олимпиадада қазақстандық спортшылар үшін ерекше жайттардың, нәтижелердің топтамасын ұсынғанды жөн көрдік.
Олимпиаданың алғашқы жарыс күні Қазақстан үшін сәтті болды. Алғаш рет Олимпиадаға қатысқан Ислам Сатпаев пен Александра Ле аралас пневматикалық винтовкадан (10 м) ату бойынша қола медальды иеленді. Қазақстандық мергендер соңғы рет 28 жыл бұрын Атлантадағы ойындарда жүлде алған болатын.
Доданың алғашқы күні Елдос Сметов дзюдодан (60 кг) Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның тарихында дзюдодан алтын медаль алған тұңғыш спортшы болды. Бұл жеңіс Елдос Сметовтің Олимпиада медальдарының толық жиынтығына ие болғанын білдіреді: Рио-2016 күмісі, Токио-2020 қола медалі және Париж-2024 алтын медалі. Сондай-ақ, дзюдошы Әбиба Әбужақынова (48 кг) өзінің алғашқы Олимпиадасында үздік бестікке кірді, бірақ қола медаль үшін күресте жеңіліс тапты.
Олимпиаданың екінші жарыс күні Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) қола медаль алып, қазақстандық жанкүйерлердің қуанышын еселей түсті.
3 тамызда екі қазақстандық гимнаст финалдық жарыста бақ сынады. Милад Карими еркін жаттығулар бойынша Токио Олимпиадасындағыдай бесінші орынды иеленді. Ал Нариман Құрбанов ат снарядында күміс медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихында спорттық гимнастикадан алғашқы Олимпиада жүлдегері атанды.
Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасында спорттық гимнастика, батут және көркем гимнастика бойынша бақ сынады.
Әйелдер арасында бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) өзінің алғашқы Олимпиадасында жүлдеге ие болды. Назым қиын турнирлік жеребеге қарамастан, жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық қарсыласынан тартысты жекпе-жекте ұтылды.
6 тамызда грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 кг) финалдық жекпе-жекке шықты. Ол финалға дейін қарсыластарын сенімді түрде жеңіп шыққанымен, соңғы жекпе-жекте жапондық балуаннан ұтылды.
7 тамыздан 8 тамызға қараған түні бокстан Нұрбек Оралбай финалдық жекпе-жегін өткізді. Ересектер және жастар арасындағы әлем чемпионы украиналық Александр Хижняктан тартысты жекпе-жекте 2:3 есебімен жеңіліс тапты.
Басқа қазақстандық спортшылар да жоғары көрсеткіштер көрсетті.
Құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов ширек финалға дейін жетсе, брейкингтен Әмір Закиров та осындай нәтижеге қол жеткізді.
Руслан Құрбанов семсерлесу бойынша Олимпиаданың ширек финалына шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Ол 1/8 финалда Токио Олимпиадасының чемпионы Ромен Каннонды жеңді.
Қазақстанның ерлер құрамасы алғаш рет семсерлесуден Олимпиадаға қатысып, 12 құраманың арасында 6-орынға ие болды.
Кирилл Герасименко үстел теннисінен Олимпиаданың 1/8 финалына шықты, бұл оның қатысқан үш Олимпиададағы ең үздік нәтижесі болды.
Айгерім Сарыбай саблядан жекелей сында дебют жасап, 1/16 финалда болашақ Олимпиада чемпионынан ұтылды.
Париждегі Жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы 25 спорт түрінен қатысты. Спортшылардың 54-і Олимпиадаға алғаш рет қатысқан. Қатысушылар саны бойынша Қазақстан 38-орынды иеленді. Медальдар кестесінде Қазақстан құрамасы 43-орынға тұрақтады.
XXXIII Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі Stade de France стадионында өтті, онда Олимпиада туы келесі жазғы Олимпиада ойындарының астанасы Лос-Анджелеске тапсырылды.