Елена Рыбакина АҚШ-тағы турнирде тосын жағдайға тап болды (видео)
Елена Рыбакина алғашқы кездесуінде жеңіліс тапты
Қазақстандық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати қаласында (АҚШ) өткен WTA 1000 турниріндегі алғашқы матчында жеңіліске ұшырады, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Турнирдегі өз жолын екінші айналымнан бастаған Рыбакина 1/16 финалда канадалық Лейла Фернандеске (әлемдік рейтингте 27-орын) 6:3, 6:7(3), 4:6 есебімен есе жіберді.
Матчтың ұзақтығы 2 сағат 35 минут болды. Рыбакина 20 эйс орындағанымен, 17 рет қосар қателік жіберді. Ал Фернандес 5 эйс жасап, 13 рет қосар қателікке ұрынды.
Айта кетейік, Рыбакина денсаулық жағдайына байланысты 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындары мен Торонто қаласындағы WTA 1000 сериялы турнирін өткізіп алған болатын.
Лейла Фернандестің келесі қарсыласы Эшлин Крюгер (65-орын, АҚШ) мен Диана Шнайдер (20-орын, Ресей) арасындағы матчтың жеңімпазы болады.