Жаңалықтар

Паралимпиада ойындары тарихында тұңғыш рет трансгендер қатысады

Италиялық жеңіл атлет Валентина Петрилло Паралимпиадаға қатысады

Италиялық жеңіл атлет Валентина Петрилло Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында тарихта алғаш рет трансгендер спортшы ретінде қатысатын болады. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

50 жастағы Валентина Петрилло Италия құрамасы сапында 200 және 400 метр қашықтыққа жүгіру бойынша жарыстарда бақ сынайды. Ол көру қабілеті нашар спортшылар категориясында өнер көрсетеді.

Валентина Петрилло 2019 жылы жынысын ауыстыру мақсатынжа операция жасатқан. Өткен жылы ол 200 және 400 метр қашықтыққа жүгіруде әлем чемпионатында қола медальдарға ие болды. Өзінің бұрынғы жынысында Петрилло 11 рет әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен.

2015 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті трансгендер спортшыларға қатысты ереже енгізген болатын. Бұл ереже бойынша кез келген трансгендердің ағзасындағы тестостерон деңгейі рұқсат етілген мөлшерден аспаса, ол әйелдер арасындағы жарыстарға қатыса алады.

Париждегі Паралимпиада 28 тамызда басталып, 8 қыркүйекке дейін жалғасын табады.