Елена Рыбакина: «Уимблдонда жеңіске жетудің жолын білемін»
Теннисші Уимблдон-2024 турниріндегі мүмкіндіктері туралы айтты
Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина баспасөз мәслихатында 2022 жылы Уимблдон додасындағы жеңісі және биылғы турнирдегі мүмкіндіктері турасында айтты. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі Sport Plus Qazaqstan сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Сіз соңғы жеті жылда Уимблдонның әйелдер арасындағы сында жеті түрлі жеңімпаз болғанын айттыңыз. Уимблдонды екінші рет жеңіп алуыңыз қаншалықты мүмкін?
– Менің жеңіске жетуім үшін барлық мүмкіндік бар, бірақ сіз алдағы ойыныңыздың қандай бағытта өрбитінін болжай алмайсыз. Оның үстіне, бұл мәселе қарсыласқа да байланысты, бұл турнирде көптеген жақсы ойыншы өнер көрсетіп жатыр. Бірақ мен әр ойын сайын күш алып келемін және соңына дейін барымды саламын.
– Сіз бұл турнирдегі 2022 жылы жеңіске жеткеніңіз жөнінде жиі ойлайсыз ба? Бұл сізге қандай әсер қалдырады?
– Ол ерекше эмоция. Мен бұл додада 2022 жылы үздік атандым. Сондықтан мен Уимблдонда жеңіске жетудің жолын білемін. Бұл маған сенімділік береді, өйткені мен жартылай финал мен ақтық сынның қандай бағытта болатынын білемін. Бірақ мен бұл туралы көп ойламауға тырысамын, өйткені арада екі жыл өтті, қазіргі жағдайға назар аударуға тырысамын. Әр ойын маған оңай соқпайды, сондықтан тыңғылықты дайындаламын және жарыста жеңіске жетудің жолдарын қарастырамын.
Айта кетейік, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон-2022 турнирінің жеңімпазы. Биылғы додада да ол сәтті өнер көрсетіп алады. Турнирдің 1/8 финалдық кезеңінде Елена Рыбакина ресейлік Анна Калинскаямен кездеседі. Ойын бүгін, 8 шілдеде сағат 17:30-да басталады.
Бұған дейін қос теннисші 4 рет кездесіп, екі-екі ойыннан жеңіске жеткен. Бүгін Елена Рыбакина мен Анна Калинская бесінші мәрте кездесіп, кім мықтыны анықтайды.