АГМП кубогы тартысты әрі шиеленісті өтті
Республикалық тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының (АГМП) кубогы үшін шағын футболдан өткен алғашқы турнир аяқталды, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, саланың жетекші кәсіпорындары – «Қазақмыс», ERG, «KazMinerals», «KazMinerals BOZSHAKOL», SolidcoreResources, «Тау-Кен Самұрық», «ФИК» Алел» және «QazExpoCentre-Pipe» командалары жоғары деңгейлі ойын көрсетіп, командалық рух пен жеңіске деген жігер танытты. Олардың басты мақсаты – Түркияда өтетін еуропалық турнирге жолдама алу болды. Турнир Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен өтті.
Финалдық матчта «IT Kazakhmys» және «ЖОФ» командалары кездесті. Шешуші ойында «IT Kazakhmys» командасы жеңіске жетіп, алтын медаль, кубок жеңіп алып және 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алды. Енді олар Еурокубок үшін Еуроодақтың үздік командаларымен бақ сынаспақ.
Екінші орынды «ЖОФ» командасы иеленсе, үшінші орынды Eurasian Resources Group командасы алды. Турнирге Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Қостанай, Өскемен, Орал, Жезқазған, Ақтоғай және Балқаш қалаларынан футбол сүйер қауым жиналды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне АГМП басшылары – атқарушы директордың бірінші орынбасары Максим Кононов, атқарушы директордың кеңесшісі Төлеген Мұханов, атқарушы директордың орынбасары Бақыт Манасбаева және "Ел Дауысы" қоғамдық қорының басшысы Аида Жексенова қатысты.
«АГМП кубогы тау-кен металлургия саласының өкілдері үшін ауа райының қолайсыздығы кедергі болмайтынын дәлелдеді. Екі күн бойы жауған жаңбыр да сіздердің жеңіске деген құлшыныстарыңызға әсер еткен жоқ. Бұл турнир енді дәстүрге айналады деп сенеміз», – деді Максим Кононов.
«Казахмыс IT» командасының жеңісі жайлы PR-департамент менеджері Асылжан Карғабаев:
«Жақсы дайындықтың арқасында команда жеңіске жетті. Құрамында Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларының IT бөлімдерінің қызметкерлері бар. Біз алдағы Еурокубокке тыңғылықты дайындалып, компания мен ел намысын абыроймен қорғаймыз», – деп атап өтті.
Турнирдің қорытындысы бойынша «Үздік жанкүйер команда» атағын «QazExpoCentre–Pipe» командасы иеленді. «Үздік бомбардир» болып Александр Балаев (ERG) танылса, «Турнирдің үздік ойыншысы» номинациясында Дархан Юсупов (KAZ Minerals) жеңімпаз атанды. «Үздік шабуылшы» атағын Самат Жапаров («IT Kazakhmys») жеңсе, «Үздік қорғаушы» номинациясы Алдияр Әлмұқанға («ЖОФ Kazakhmys») бұйырды. Ал «Үздік қақпашы» ретінде Павел Безногов (SolidcoreResources) марапатталды.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?