Олжас Бектенов көңілі толмайтын әкімдіктерді атады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Олжас Бектенов халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алуды және оларға газ датчиктерін тегін орнатуды тапсырды. Үкімет басшысы жұмыстары мардымсыз әкімдіктерді де атады, деп хабарлайды Dopmedia.kz.
Отырыста жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралды.
Олжас Бектенов профилактикалық іс-шараларды сапалы іске асыру және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау қажеттігіне назар аударды.
Төтенше жағдайлар министрлігіне газ техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту жұмыстарын жүргізу, ал әкімдіктерге министрлікпен бірлесіп өрт қауіпсіздігі айлық шарасын ұйымдастыру тапсырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аудару керек.
"Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына газ датчиктерін тегін орнату қажет.
Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Аталған әкімдіктер датчиктер орнату бойынша жұмысты күшейтуі керек",-деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-министр әкімдіктерге газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
"Қазіргі уақытта тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген. Алайда жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
-
14 қараша, 2024
Трамптың саяси триумфы: жаңа үкіметтің жоспары қандай?