Ол Демеу Жадыраевты кішкентай күнінен баптаған
Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Париж Олимпиадасында шәкіртінің қасында бола алған жоқ. Десе де, бозбала кезінен Демеуді бауырына басқан маман жол ұзақтығы мен сағат айырмасына қарамай, «баласына» сымсыз байланыс арқылы ақыл-кеңесін жаудырып отырды. Жадыраев Олимп тұғырына көтерілген соң, бапкерді қаумалап, сый-құрметін көрсетіп жатқан қауымда есеп жоқ. Бірақ Боранбек бапкердің бұл жеңісті бес олимпиадалық цикл бойы армандап, табаны күректей 20 жыл күткенін бірі білсе, бірі білмейді, деп Dopmedia.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Демеу Жадыраевтың бапкері Боранбек Қоңыратов Олимпиада алтынын 20 жыл күткенін айтты.
«Өзім бар өмірімді күреске арнаған адаммын. КСРО-да күрес танымал спорт түрі болды, азды-көпті жетістіктерім бар. Алайда, түрлі себептермен Олимпиадаға жолым түскен жоқ. Спортшы ретінде арманыма жете алмадым. Содан соң, бұл биікке шәкірттерім шықса деген мақсат пайда болды. Шыны керек, бүгінге дейін қаншама балуан тәрбиеледім. Бірнеше жазғы ойынға өз спортшыларымды үкілеп қостым. Бірақ Олимпиада жүлдесі бұйырмай қойды. Жазғы Олимпиада ойындарынан медаль күткеніме 20 жыл толыпты! 20 жыл бойы шапқылап, бес олимпиадалық циклді артта қалдырыппын. Осы аралықта жүйкеге қанша рет салмақ түсті, қаншама тер төгілді, қанша еңбек артта қалды. Демеудің Париждегі күмісі жиырма жылғы еңбектің өтеуі болғандай», – деді бапкер Боранбек Қоңыратов.
Сонымен бірге Боранбек Қоңыратов шәкірті Демеу Жадыраевтың спортқа қалай келгені және мінезіндегі ерекшелік туралы айтты.
«Демеу маған 11-сыныптан кейін келді. Алғашқы бапкері Жұмақан Тұрғанбековтің менен үш жастай үлкендігі бар. Өзі ауылда тұрғасын, шәкіртін маған аманаттады. «Осы баладан бірдеңе шығады», – дегені есте. Қазір ойлап қарасам, Жұмақан бапкер көреген екен. Көз алдындағы талай балуанның арасынан осы Демеуді жетелеп, алып келгенін айтсаңызшы?! Болашақ чемпионды бала күніне таныған ғой?!
Қарсы алдымда бойы ұзындау келген жігіт тұрды. Білеуленіп тұрған бұлшықеті жоқ екен. Алда әлі талай жұмыс барын ұқтым. Демеу күшін арттырып, бұлшықет жинау үшін тынымсыз еңбек етті. Тіпті, бұған қанша уақыт кеткенін де білмеймін. Ең бастысы – менің тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Табанды, еңбекқор болып өсті. Жадыраевтың 34 жасында Олимпиада финалына шыққаны оның қаншалықты төзімді екенін көрсетеді, соны ұмытпау керек. Әйтпесе, қаншама талантты балуандар жанып кетті... Күнкөрістің қамы үшін күресті тастап кеткендер қаншама?! Жеңілісті көтере алмай, сынып кеткендердің санында шек жоқ. Сонша балуан арасынан қиындықты еңсеріп, кілемде де, кілем сыртында да рухын жоғалтпаған жігіт дер едім Демеуді. Шыны керек, Олимпиада жүлдесіне барар жолда Демеу маған, мен оған себепші болып, бір-бірімізді толықтырып отырдық.
Қазір менен Демеуді қандай адам деп сұрайтындар көп. Демеу – жүзінен мейірім төгіліп тұратын жігіт. Мейірімділігі сонша, өзінен ойсырай жеңіліп жатқан қарсыласын аяп, соған қолдан ұпай беріп қоятын балуан (күлді). Сенесіз бе, қарсыласын аяп, жеңіліп қалған сәттер өте көп болды. Белдесуде тым жақсы жеңіп келе жатады да, біраз ұпай алға кеткен соң, жоқ жерден қарсыластың әдісіне түседі. Көп жағдайда ұпайды өз еркімен сыйлайды. Қарсыласын аяйды. Табиғаты сондай жігіт. Талай рет бұлай болмайтынын айтып, қаншама рет осы тақырыпты қозғадық. Бұл мәселені реттеу үшін көп жұмыс істегенімізді жасырмаймын», – деді Боранбек Қоңыратов.
Айта кетейік, грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекенің финалында Демеу Жадыраев жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншілеген еді.
-
9 қазан, 2024
Спортшы Айша Уәлишанның құлдықта адам ұстағаны рас па?