Жеңімпазға автомобиль: ересектер арасында асықтан ашық турнир басталды «Respublica» партиясы

«Respublica» партиясының ұйымдастыруымен турнир басталды

«Respublica» партиясының ұйымдастыруымен ересектер арасында ұлттық асық ойыны бойынша ашық турнир басталды. Аталмыш турнир 10-20 қазан аралығында өтеді. Асық турнирі Республика күніне орайластырылып, «Көшпенділердің Асық спорты» халықаралық федерациясы, «Республикалық Асық ату» федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығымен» бірлесіп ұйымдастырылады, деп хабарлайды Dopmedia.kz.  

Турнир аясында еліміздің әр аймағында өтетін іріктеу кезеңдерінде 21 жастан асқан 40 адам өзара бақ сынасады. Әр өңірден үздік шыққан 2 спортшы республикалық ашық турнирге жолдама алатын болады.

Финалдық ойындар 25 қазан күні Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді, онда турнир жеңімпазы автомобильмен марапатталады.

Халықаралық федерацияның Президенті, партия Respublica Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков ұлттық ойынды жаңғырту мәдениетімізді насихаттауға сеп болатын және спортшыларға өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 «Ұлттық ойындарымыздың бүгінде қайта өрістеп жандануы қуанышты жағдай. Осындай жарыстарды неғұрлым жиі ұйымдастыру арқылы ұлттық ойындарды барынша насихаттаймыз. Сонымен қатар, сайыстар спортшылардың шеберлігін шыңдайды, олардың жан-жақты дамуы үшін зор септігін тигізеді деп есептеймін. Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында қазақтың тарихи-мәдени мұраларын сақтау және дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізу мақсат етілген. Сол алған бағытымыздан таймай, жұмыс жасауды жалғастыра береміз», – деді Олжас Құспеков.

Айта кету керек, Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылған жарты жылдың ішінде 14 елде тұрақты асық ойнау федерациялары тіркелді, асық ойнау спорты көшпенділер ойынының тұрақты дисциплинасы болып бекітілді. Енді, екі жылда бір рет әлем чемпионаты өткізіліп тұратын болады. Алғашқысы биыл ұйымдастырылып, оған 14 елдің өкілдері қатысты.