Жаңалықтар

Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

Бұл туралы министр Ермек Маржықпев айтты

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері туралы мәлімдеді. Бұл туралы Dopmedia.kz тілшісі хабарлайды.

Ермек Маржықпаевтың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Олимпиада чемпионына 250 000 доллар, ал күміс алған спортшыға 150 000 доллар, қолаға қол жеткізген спортшыларға 75 000 доллар сыйақы беріледі. Сонымен қатар жүлдеге іліге алмаса да, төртіншіден алтыншы орын алған спортшылар 30, 10, 5 мың доллар еншілейді. 

Олимпиадада жүлдеге іліккен спортшыларға берілетін сыйақы мұнымен тоқтап қалмайды. Бұдан бөлек жүлдеген спортшыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да сыйақылар беріледі, қолдау көрсетіледі.

Айта кетелік, Франция астанасында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спортшыларымыз аттанды.

Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.