Париж Олимпиадасына спортшыларымыздың бірінші легі аттанды
Қазақстан ұлттық құрамасын Франция астанасы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бұл туралы Dopmedia.kz Туризм және спорт министрлігінің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жиын Алматы облысында орналасқан республикалық олимпиада даярлық кешенінде өтті. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар мен жаттықтырушылармен тілдесіп, алдағы байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.
"Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!", – деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетелік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.