Танымал қазақ журналисі футбол басшысымен кездесті
Журналист Қайнар Олжай ҚФФ президенті Әділет Барменқұловпен кездесті
Кеше, 24 шілдеде Астанада спорт комментаторлары мен журналистеріне арналған арнайы конференция өтті. Жиын барысында белгілі журналист Қайнар Олжай сөз тазалығы, спорт комментаторларының эфир барысында жіберетін қателіктері туралы дәріс оқыды, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Конференция барысында дәріс оқыған Қайнар Олжай қазақ тілінің көркем айшықтарын эфир барысында қолдану көрерменге ерекше әсер ететінін, сөз тазалығын сақтаудың маңызы туралы айтты.
Сонымен бірге журналист Қайнар Олжай қазақ футболына қазақ тілі келгенін, бұрын орыс тілді айташы болған Ербол Қайыров сынды жігіттер қазақша сөйлеу мен мәтін жазуға көшкенін жеткізді.
Аталмыш жиынның тізгінін ұстаған Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Қайнар Олжайға өз алғысын айтып, алдағы уақытта болатын конференцияларға да арнайы шақыратынын айтты.
Сонымен қатар бұл жиынға қатысқан спорт комментаторлары мен журналистері көкейдегі мәселелерін ортаға салып талқылады. Оның ішінде комментаторларға берілетін сыйақы, футболдан Қазақстан біріншілігінің сайтындағы статистикалық көрсеткіштерді жаңғырту мәселесі де талқыға түсті. Жиын барысында Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхаммед Мәулен қараша айында "Үздік спорт комментаторы" және "Үздік спорт журналисі" сыйлығы табысталатынын айтты.